Жаңалықтар

Павлодарда ананың басына мұз кесегі түсіп, қылмыстық іс қозғалды

Павлодарда ананың басына мұз кесегі түсіп, қылмыстық іс қозғалды / Фото: Shutterstock

Павлодарда жас ана жоғарыдан басына мұз кесегі түсіп, бас жарақатын алды. Оқиға кезінде әйел арбадағы баласымен серуендеп жүрген. Болған жағдайдан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиға туралы Kerek.pv Telegram-арнасы хабарлады.

Арнаның мәліметінше, бәрі 8 шілдеде Назарбаев даңғылындағы үйлердің бірінің жанында болған. Видеоға қарағанда, бойжеткеннің басындағы жараны тігуге тура келген.

Зардап шеккен әйелдің туыстары кінәлі адам әлі күнге дейін табылмағанын, сондықтан терезеден мұз лақтыруы мүмкін адамды өз беттерінше іздеуге мәжбүр екенін айтады.

Осы оқиғаға қатысты Павлодар облысының Полиция департаменті түсініктеме берді.

«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, зерттеді, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ басқа да қажетті тергеу амалдарын жүргізді. Бейнежазбада жәбірленушінің үстіне заттың құлау сәті тіркелген», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап, оған қатысы болуы мүмкін адамды іздестіріп жатыр. Полицейлер тергеу өңірлік ПД басшылығының ерекше бақылауында екенін де атап өтті.