Жаңалықтар

Қазақстанның батысындағы шаңды дауыл жеті сағатқа созылды

Шаңды дауыл / фото: shutterstock
Шаңды дауыл / фото: shutterstock

26 шілдеде Қазақстанның батысындағы шаңды дауыл жеті сағатқа созылды. Мәліметті Сауд Арабиясы ұлттық метеорология орталығына қарасты мекеме жариялады.

Арабтардың «Аймақтық құм және шаңды дауылдар орталығының» (Regional Center for Sand and Dust Storms) дерегінше, жексенбі күні Еуразиядағы бес елде шаңды дауыл тұрды. Олар: Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Йемен және Сауд Арабиясы.

Шаңды дауыл болған елдер
графика: SDSCKSA

Орталық жариялаған картада Қазақстандағы шаңды дауыл Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағында – Атырау өңірі аумағында болғанын көреміз.

Бір күн бұрын Иорданияда 18 сағат, Йеменде 14 сағат бойы шаңды дауыл тұрған. Ол Сауд Арабиясында үш, БАӘ-де екі сағатқа созылған.

Айта кетейік, Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі 27 шілдеде де елдің батысында шаңды дауыл тұратынын ескертті. Дүйсенбі күні күндіз Маңғыстау облысында жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.