Жаңалықтар

Қазақстанның Орталық Азиямен саудасы рекорд жаңартты

Орталық Азияның сауда саттығы / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы 28,9%-ға өсіп, рекордтық 4,2 млрд долларға жетті. Аймақтың Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі де 6%-дан 7,4%-ға дейін ұлғайды. Бұл туралы Trade Report хабарлады.

Қазақстан Орталық Азияға бес айда 3,2 млрд доллардың тауарын экспорттады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға көп. Ал аймақтан келген импорт 35,5%-ға өсіп, 991 млн доллар болды.

Яғни Қазақстан көрші елдерге өзі сатып алғаннан әлдеқайда көп тауар сатады. Саудадағы оң айырма 2,2 млрд долларға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,8 млрд доллар болған. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда алғаш рет 1 млрд долларға жетті.

Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы
Қаңтар–мамыр аралығындағы көрсеткіштер, млн доллар
2026 жылы тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетті

Негізгі серіктес – Өзбекстан

Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіміз — Өзбекстан. Қаңтар–мамыр айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 37,2%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жетті.

Өзбекстанның үлесіне Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жасаған бүкіл саудасының 55,5%-ы тиесілі.

Одан кейінгі орындарда:

  • Қырғызстан — 1 млрд доллар;
  • Тәжікстан — 615 млн доллар;
  • Түрікменстан — 215 млн доллар.

Бидай экспорты қатты өсті

Экспорттың өсуіне ең үлкен үлесті бидай қосты. Қазақстанның Орталық Азияға бидай сатудан түскен табысы 72%-ға өсіп, 639 млн долларға жетті.

Бидайдың өзі аймаққа жөнелтілген бүкіл қазақстандық экспорттың бестен бірінен астамын құрады.

Сонымен қатар күнбағыс майы, алтын, болат өнімдері мен ұн экспорты да айтарлықтай өсті.

Орталық Азия дайын өнім үшін маңызды нарыққа айналды

Рекордтық сауда көлемінің артында тағы бір маңызды өзгеріс бар. Орталық Азия Қазақстан үшін жай ғана көрші нарық емес, өңделген және дайын өнімдерді сататын негізгі бағыттардың біріне айналып келеді.

2026 жылдың алғашқы бес айында Орталық Азия елдерінің үлесіне:

  • Қазақстанның шикізат экспортының 5%-ы;
  • жартылай дайын өнім экспортының 33%-ы;
  • қайта экспортты есептемегендегі дайын өнім экспортының 40%-ы тиесілі болды.

Жалпы алғанда, Орталық Азия Қазақстан экспортының 10,5%-ын ғана қабылдайды. Бірақ шетелге сатылатын дайын қазақстандық өнімнің бірден 40%-ы осы аймаққа жөнелтіледі.

Бұл үрдіс бір күнде пайда болған жоқ. 2016 жылы Орталық Азияның дайын өнім экспортындағы үлесі 36% болған. 2022 жылы 42%-ға дейін өсті, ал 2026 жылы 40% деңгейінде қалыптасты.

Жартылай дайын өнімдер бойынша өсім одан да жоғары. Соңғы он жылда аймақтың үлесі 16%-дан 33%-ға дейін көтерілді. Тек соңғы екі жылдың өзінде 22%-дан 33%-ға артты.

Экспортта шикізат әлі де басым

Соған қарамастан Қазақстанның Орталық Азияға сататын тауарларының құрылымы баяу өзгеріп жатыр.

2026 жылы аймаққа жіберілген экспорттың:

  • 39%-ы шикізат пен шикізатқа жақын тауарларға;
  • 37%-ы жартылай дайын өнімдерге;
  • 18%-ы дайын өнімдерге тиесілі болды.

Дайын өнімдердің үлесі 2016 жылғы деңгейде қалып қойған.

Сондықтан жағдайдың екі жағы бар. Бір жағынан, Қазақстанның көрші елдермен саудасы рекордтық қарқынмен өсіп жатыр. Орталық Азия қазақстандық дайын өнімдер үшін басты сыртқы нарыққа айналды.

Екінші жағынан, экспортта әлі де астық, металдар, алтын, өсімдік майы және бастапқы өңдеуден өткен тауарлар басым.

Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік

Қазақстандық өндірушілер үшін Орталық Азиядан қолайлы нарық табу оңай емес. Сарапшы Ернар Серіктің пікірінше, аймақ халқы өсіп келеді, тауар жеткізу қашықтығы қысқа, логистикасы салыстырмалы түрде жеңіл. Тұтынушылардың талғамы мен талаптары да қазақстандық бизнеске жақсы таныс.

Сондықтан келесі рекорд тек тауар айналымының қанша миллиард долларға жеткенімен өлшенбеуі керек.

Ең маңызды мәселе – Қазақстан Орталық Азияға сататын дайын әрі терең өңделген өнімдердің үлесін арттыра ала ма?

Өйткені соңғы он жылда дайын өнімнің экспорттағы үлесі 18% деңгейінен айтарлықтай өскен жоқ.

Қазақстанның Орталық Азиямен саудасы рекорд жаңартты. Бірақ одан да маңыздысы — аймақ қазірдің өзінде Қазақстанның бүкіл дайын өнім экспортының 40%-ын қабылдап отыр.