Жаңалықтар

Сот Қырғызстан шекарасында төбелес шығарған қазақстандықты жазалады

Сот Қырғызстан шекарасында төбелес шығарған қазақстандықты жазалады / Фото: Shutterstock

Көпбалалы ананың шекарадан кезексіз өтпек болған әрекеті оның үстінен қылмыстық іс қозғалуымен, 100 сағаттық қоғамдық жұмыспен және өтемақы төлеумен аяқталды.

Оқиға Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы «Айша бибі» өткізу пунктінде орын алған.

Жамбыл аудандық сотының хабарлауынша, 2026 жылдың мамыр айында әйел отбасымен бірге Қырғызстаннан қайтып келе жатқан. Шекара пунктінде ол кезексіз өтпекші болады, алайда өз кезегін күтіп тұрған әйелдердің бірі оған ескерту жасайды. Осыдан кейін екеуінің арасында сөз таласы туындаған.

Шекаралық бақылаудан өткеннен кейін де жанжал тоқтамаған. Жәбірленуші болған жағдайды телефонына түсіре бастайды, ал дәл солай істемек болған сотталушының ұлының гаджетін итеріп жібереді. Жауап ретінде көпбалалы ана жүгіріп барып, қарсыласын бетінен ұрған. Төбелесіп жатқандарды куәгерлер ғана ажырата алды.

Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі тараптардың айғақтарымен, видеожазбалармен және сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Әйел өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді және жәбірленушіден кешірім сұрады.

Жәбірленуші өзінің көптеген соққылар алып, ауыр жарақаттанғанын алға тартты. Алайда сараптама мұны растамады. Мамандар алынған жарақаттар денсаулыққа зиян келтірмеген деген қорытындыға келді.

Прокурор әйелге 100 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындауды сұрады. Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін және бес кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Қорытындысында әйел Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100 сағаттық қоғамдық жұмыс тағайындалды, сондай-ақ, жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 300 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енді.