
Петропавл қаласында татар ақыны Ғабдолла Тоқай ескерткіші ашылды. Ақын бюсті Мағжан Жұмабаев атындағы орталық маңына орнатылды.
Татар ақынының ескерткішін ашу салтанатына Татарстан басшысы Рүстем Минниханов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ескерткіш Ғабдолла Тоқайдың туғанына 140 жыл толуына орай орнатылды.

«Бүгін Қазақстанда жұмыс істеп жүрміз. Петропавлда татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай құрметіне ескерткіш аштық», – деп жазды Минниханов өзінің Telegram-арнасына.
Татар басшысы Тоқайдың тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты екенін айтты. Ғұмыры небәрі 27 жылға созылған ақын 1895 жылы Батыс Қазақстандағы Орал қаласына көшіп келіп, осындағы медреседе оқыған. Ол қазақ жерінде ақын ретінде қалыптасқан.
Ақын жырлары Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов сынды қазақ зиялыларына қатты әсер етті. Қазақтар оны «Түркі жұртының Тоқайы» деп атады.

Татарстан басшысы Тоқай ескерткішінің ашылуын бауырлас халықтар байланысының тағы бір белгісіне балады. Оның айтуынша, Татарстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 946 млн долларға жеткен.
Ғабдолла Тоқай 1886 жылғы 26 сәуірде Қазан губерниясының Құшлауыш ауылында дүниеге келген. Татар халқының ұлы ақыны, жаңа бағыттағы реалистік әдебиеті мен қазіргі татар әдеби тілінің негізін салушы, аудармашы және қоғам қайраткері. Ол 1913 жылы небәрі 27 жасында туберкулезден қайтыс болды. Ақын жырлары қазақ тіліне аударылды.