Жаңалықтар

Киік мүйіздері электронды аукцион арқылы сатылады. Саудаға кімдер қатыса алады

Фото: kursiv.media

Қазақстанда 4 тамыздан бастап киік мүйіздері электронды аукцион арқылы сатыла бастайды. Аукциондарға тек лицензиясы бар фармацевтикалық компаниялар қатыса алады.

4 тамыздан бастап киік мүйіздерін сату реттелген тәртіппен электронды сауда-саттық арқылы жүзеге асырылады. Алайда бұл саудаға коллекционерлер мен жеке тұлғалар қатыса алмайды. Сауда-саттыққа тек фармацевтикалық лицензиясы және мұндай шикізатпен жұмыс істеуге рұқсаты бар компаниялар ғана жіберіледі.

Жаңа ережелер Экология және табиғи ресурстар министрінің 22 шілдедегі №140 бұйрығымен бекітілді. Құжат тек киік мүйіздеріне ғана емес, одан өндірілген өнімдерге де қатысты.

Сауда-саттық қалай өтеді

Әрбір киік мүйізі партиясын сату туралы шешімді уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды. Ол сатылатын көлемді, бастапқы бағаны және конкурстық комиссия құрамын анықтайды.

Одан кейін сатушы лотты мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталына орналастырады. Хабарландыруда мына ақпараттар көрсетілуі тиіс:

  • бастапқы баға;
  • мүйіздердің көлемі мен сақталатын орны;
  • қатысу шарттары;
  • өтінім қабылдау мерзімі;
  • кепілдік жарна мөлшері;
  • лоттың кемінде бес фотосуреті.

Ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады. Конкурстарды кемінде тоқсанына бір рет өткізу жоспарланып отыр.

Саудада ең жоғары баға ұсынған компания жеңімпаз атанады. Сатып алу-сату шарты конкурс аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде жасалуы тиіс.

Жеке тұлғалар саудаға қатыса алмайды

Киік мүйіздерін сатып алу үшін тек Қазақстандағы және шетелдегі заңды тұлғалар қатыса алады. Жеке сатып алушылар мен делдалдар үшін мұндай мүмкіндік қарастырылмайды.

Қатысушылар киік мүйізінен алынған шикізатты пайдаланып, дәрі-дәрмек немесе фармацевтикалық өнім өндіруге құқығы бар екенін дәлелдеуі керек. Сондай-ақ оларға GMP және GDP сертификаттары, импорт, сақтау, өңдеу және кеден рәсімдеріне қажетті рұқсаттар қажет болады.

Компания өтінім бермес бұрын лоттың бастапқы бағасының 15 пайызы көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Киік мүйіздерін Қазақстан ішінде сатуға болмайды

Сауда жеңімпазы сатып алған киік мүйіздерін Қазақстан аумағында қайта сата алмайды. Сатып алушы экспортқа қатысты барлық құжаттарды өзі рәсімдеп, шығындарды өзі өтейді.

Сонымен қатар компания шикізатты кімге және қандай көлемде қайта сатқанын мемлекеттік органдарға хабарлауға міндетті. Киік мүйіздері мен одан жасалған өнімдердің қозғалысы арнайы цифрлық жүйе арқылы бақыланады.

Аң аулауға рұқсат берілмейді

Жаңа ережелер киік аулауға рұқсат бермейді. Олар тек мемлекетке тиесілі есепке алынған киік мүйіздерін сатудың тәртібін белгілейді.

Қазақстан азаматтары киік мүйіздерін өздігінен жинап, сақтап немесе сауда алаңдары арқылы сата алмайды. Электронды сауда-саттық тек лицензиясы бар фармацевтикалық компанияларға шикізатты экспорттау үшін ұйымдастырылады.

Сауда рәсімдері сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер саудасын бақылайтын CITES халықаралық талаптары негізінде жүргізіледі.

Айта кетейік ТЖМ төтенше жағдайға арналған мемлекеттік қордағы азық-түлік тізіміне консервіленген ақбөкен етін қосуды жоспарлап отыр. Консервілер сиыр етімен қатар қолданылмақ.