
Porsche Cayenne Electric көлігі Қазақстан нарығына келді. Айта кетерлігі, жаңа электрлі кроссовер қолданыстағы Cayenne модельдерін алмастырмайды, керісінше, олардың қатарына қосымша нұсқа ретінде қосылады. Бұл туралы Курсив Авто Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған модель әлемге алғаш рет 2025 жылдың 19 қарашасында таныстырылған еді. Автокөлік Macan Electric моделінде алғаш қолданылған 800 вольтты архитектурасы бар PPE (Premium Platform Electric) платформасының жетілдірілген нұсқасына негізделген.
Өлшемі мен жүксалғышы

Cayenne Electric көлігінің ұзындығы 4 985 мм, ал доңғалақ базасы 3 023 мм болады. Яғни, жаңа модель іштен жанатын қозғалтқышы бар нұсқалардан 55 мм ұзын, ал осьтер аралығы 130 мм-ге үлкен.

Көліктің жүксалғыш көлемі 781 литрді құрайды. Екінші қатардағы орындықтарды бүктеген кезде бұл көрсеткіш 1 588 литрге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, алдыңғы бөліктегі шағын жүксалғышта тағы 90 литр орын қарастырылған.
Интерьері мен технологиялық шешімдері

Cayenne Electric салонында алдыңғы панельді толық қамтитын үш экран орнатылған. Оның ішінде 14,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі, 14,9 дюймдік жолаушы экраны және климат жүйесін басқаруға арналған иілген орталық сенсорлық дисплей бар.

Көлік жабдықтары қатарында 87 дюймдік проекциялық дисплей, панорамалық шатыр, түрлі баптауларды біріктіретін Mood Modes режимдері, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекші қарастырылған.
Жүріс қоры

Porsche Cayenne Electric екі электр қозғалтқышымен және 113 кВт·сағ аккумулятормен жабдықталған. Нұсқасына қарай бір қуатта 623–653 шақырымға дейін жүре алады (WLTP циклі бойынша).

Porsche Cayenne Electric бірнеше нұсқада ұсынылады. Базалық модельдің қуаты – 408 ат күші, Cayenne S Electric нұсқасы – 544 ат күші. Ал ең қуатты Cayenne Turbo Electric екі электр қозғалтқышымен 857 ат күшін береді. Launch Control режимінде оның қуаты қысқа уақытқа 1156 ат күшіне дейін жетеді.

Cayenne Electric 100 км/сағ жылдамдыққа 4,8 секундта жетсе, Turbo Electric бұл көрсеткішті 2,5 секундта орындайды.

Бағасы
Қазақстан нарығында Porsche Cayenne Electric бағасы 60 млн теңгеден басталады. Cayenne S Electric – 73 млн теңге, ал ең қуатты Cayenne Turbo Electric – 94 млн теңге тұрады. Баға көлікке таңдалған қосымша жабдықтарға байланысты өзгеруі мүмкін.