
Үндістандық туристер Қазақстанға жиі келе бастады. 2025 жылы елге осы мемлекеттен 131 мың саяхатшы келген. Осы үрдісті жалғастыру мақсатында Үндістанның жетекші MICE-компанияларының өкілдері Астана мен Бурабайға арнайы ақпараттық турмен келіп, Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен танысты.
Ақпараттық турды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Air Astana әуе компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды. 20–25 шілде аралығында өткен сапар аясында үндістандық компаниялардың сегіз өкілі Астана мен Бурабай ұлттық саябағына барды.
Ақпараттық тур барысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Astana Tourism компаниясы Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Үндістандық өкілдерге Астананың халықаралық іскерлік іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері және Бурабайдың туристік әлеуеті көрсетілді.
Астана мен Бурабай MICE бағыты ретінде ұсынылды
Үндістандық компания өкілдері Астананы MICE (іскерлік туризмнің бір түрі) бағыты ретінде, ал Бурабайды ұжымдық демалысқа арналған бірегей табиғи орын ретінде ілгерілетуге дайын екенін айтты.
Қонақтарға елорданың заманауи келбеті мен Бурабайдың табиғи туристік әлеуетінің үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Олардың пікірінше, бұл бағытты Үндістанның іскерлік туризм нарығында бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді.
Үндістандық туристер саны жыл сайын өсіп келеді
Үндістан Қазақстан үшін басым шетелдік туристік нарықтардың бірі саналады. Қазір бұл ел шетелдік туристер саны бойынша үшінші орында тұр.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Едіге Дүйсенұлының айтуынша, Үндістаннан келетін туристер ағыны тұрақты өсіп келеді. 2023 жылы Қазақстанға 54 мың үндістандық азамат келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседен астам артып, 126 мың адамға жеткен. Ал 2025 жылы Үндістаннан келген туристер саны 131 мыңды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға өскен.
Еске салайық, елде гидтер, экскурсия жүргізушілер және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін бірыңғай қағидалар бекітілді. Енді олар eLicense.kz порталы арқылы қызметінің басталғаны туралы хабарлама беруге міндетті, ал олардың қызметі мемлекеттік электронды тізілім арқылы бақыланады.