Авто

Қазақстанда 9 млн теңгеге дейінгі сомаға қандай жаңа көлік сатып алуға болады

Фото: kursiv.media

Қостанайлық автоблогерлер Павел мен Макс өздерінің PM10 YouTube-арнасында Қазақстандағы ресми дилерлер ұсынатын бағасы 9 млн теңгеге дейінгі жаңа көліктерге шолу жасады. Олардың айтуынша, бүгінде бұл ақшаға тек бюджеттік седан ғана емес, заманауи кроссовер, тіпті жеті орындық модельдерді де таңдауға болады.

Lada Granta-дан жеті орындық SUV модельдерге дейін

Баға диапазонының төменгі бөлігінде бұрыннан танымал көліктер әлі де сұраныста. Мысалы, Lada Granta шамамен 5,7 млн теңгеден, Chevrolet Cobalt –  6,5 млн теңгеден, ал Lada Niva – 6,9 млн теңгеден басталады. Бұл көліктерді сатып алушылар олардың қарапайым құрылымын, техникалық қызмет көрсетуінің қолжетімділігін және жөндеуге ыңғайлылығын бағалайды.

Алайда бүгінде осы баға сегментіндегі негізгі ұсыныстарды қытайлық брендтер қалыптастырып отыр. 6 млн теңгеге жуық қаржыға Chery Tiggo 2 Pro, шамамен 7 млн теңгеге Chery Arrizo 6, Changan Eado Plus және Geely Emgrand модельдерін алуға болады. Ал 8 млн теңгеге дейінгі бюджетке Chery Tiggo 4, GAC GS4, MG 6 және басқа да көліктер қолжетімді.

8 млн теңгеден жоғары – таңдау көбейеді

Бюджет 8 млн теңгеге жақындаған сайын көлік таңдауы айтарлықтай кеңейеді. Осы баға аралығында Chery Tiggo 7 Pro, Chery C8 және Jetour X70 сияқты толыққанды кроссоверлер ұсынылады. Олардың кейбірі тіпті жеті орындық нұсқада шығарылады.

Осылайша, сатып алушы Chevrolet Cobalt немесе Onix секілді қарапайым седанды немесе аз ғана қосымша қаржы қосып, кең әрі заманауи кроссоверді таңдай алады.

Автоблогерлер қандай модельдерді ұсынды

Павел мен Макс ең қызықты көліктер қатарында Geely Coolray, Changan CS35 Plus, Chery Tiggo 7 және JAC J7 Plus модельдерін атады.

Олардың айтуынша, Geely Coolray өзінің динамикасы мен жабдықталу деңгейімен ерекшеленсе, Changan CS35 Plus нарықтағы танымалдығымен тартымды. Ал Chery Tiggo 7 Pro баға мен мүмкіндік арақатынасы бойынша ең теңгерімді нұсқалардың бірі саналады.

Блогерлер сондай-ақ 9 млн теңгеге дейінгі көліктердің едәуір бөлігін Chery және оның суббрендтері — Jetour, Omoda және Jaecoo ұсынатынын атап өтті.

Автонарық қалай өзгерді

Шолу авторларының пікірінше, бүгінде 9 млн теңге бюджетпен тек ең қолжетімді көліктерді емес, әртүрлі классқа жататын автомобильдерді таңдауға болады.

Бұл қазіргі нарықтағы басты өзгерістердің бірі — Қазақстанда қытайлық автокөлік брендтерінің позициясы күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Еске салсақ, осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық автокөліктер бағасының қалай өзгергенін айтқан еді. Оның сөзінше, Қазақстанда шығарылған көліктер арзандай бастаған.