
Ресей Федерациясының Алтай Республикасында екі қазақ азаматы жол апатынан қаза тапты. Көлікте болған басқа жолаушылар түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Алтай Республикасы ІІМ алдын ала мәліметінше, қайғылы жағдай 27 шілде күні кешке Улаган ауданында, Ақташ ауылына жақын жерде болған. Сағат 20:30 шамасында Toyota Avensis көлігін басқарған 31 жастағы жергілікті тұрғын қарсы жолаққа шығып кетіп, Қазақстан азаматы басқарған Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан.
Chevrolet жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жағдайда аудандық ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оларды аман алып қала алмады.
Сондай-ақ Toyota көлігінің 21 жастағы жолаушысы және Chevrolet көлігіндегі үш жолаушы ауруханаға жатқызылды. Полиция өкілдері Chevrolet ішіндегі барлық қаза тапқан және зардап шеккеннің Қазақстан азаматтары екенін растады.
Апатқа кінәлі деген күдікті жеңіл жарақат алып, ауруханаға жатудан бас тартқан. Тексеріс барысында әйелдің көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Оның үстіне, жүргізуші куәлігі де болмаған.
Қайғылы жағдайға қатысты қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 27 шілдеде Алматыда «Гелендваген» мен Suzuki көліктері соғысып, екі адам қаза тапты.