Жаңалықтар

Ақтөбеде мешіт қызметкері жасөспірімді соққыға жықты

unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінің 38 жастағы қызметкері 15 жастағы жасөспірімді ұрып-соқты деген айыппен сотқа тартылды.

Kriminal kazakhstan мәліметінше, оқиға биыл ақпан айында тарауық намазынан кейін болған. Жасөспірім досына көрсету үшін бөтен адамның кроссовкасын қолына алып, артынша орнына қайта қойған. Мешіт қызметкері мұны ұрлық жасау әрекеті деп ойлап, оқушылардың біріне шабуыл жасаған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, ер адам жасөспірімді жерге құлатып, оның басынан кемінде алты рет тепкен. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Салдарынан жасөспірім миы шайқалып, бас миынан жарақат алған. Ол 20 күннен астам уақыт ауруханада емделіп, кейін бірнеше ай бойы үй жағдайында оңалтудан өткен.

Сотталушыға «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» және «Ауырлататын мән-жайларда жасалған бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған. Сонымен қатар айыпталушының өзі де жасөспірімдерге қатысты арыз түсірген.

Жәбірленушінің ата-анасы соттан моральдық шығын ретінде айыпталушыдан 10 млн теңге өндіріп беруді сұрап отыр.

Айта кететін жайт, сыра ішіп көлік айдаған Қостанай облысының бас имамы 15 тәулікке қамалды