Жаңалықтар

Асаубаева Синдаровпен арадағы достығы қашан басталғанын айтты

Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров
Қазақ және өзбек шахматшыларының жақын достығы / фото: Telegram/bibisarachess, ЖИ көмегімен өңделген

Әлемге танымал қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева өзбек гроссмейстері Жавохир Синдаровпен қай уақыттан бері дос екенін айтты. Оның дәлелі ретінде бірнеше жыл бұрынғы ескі суреттерін де жариялады.

Асаубаева алғашқы кездесуді еске алды

Бибісара мен Жавохирдің арасы жақын екені қазір ешкімге жасырын емес. Оны екеуінің бірге түскен романтикалық суреттерінен-ақ байқауға болады. Бірақ шахматшылар қарым-қатынасын ресми түрде жариялауға асықпайды.

«Галареяны тазалап отырып, ностальгияға берілдім. 2022-2025 жылдардағы ескі суреттерді жарияладым. Содан бері айтарлықтай есейіп, жақсара түскен сияқтымыз. Бірақ өмірде бір нәрсе өзгермегеніне қуаныштымын: бір-бірімізді қолдап, турнирлерде көмектесіп, бірге өсіп келеміз», – деп жазды Бибісара Telegram-арнасына.

Бес жылдан асты

Оның айтуынша, 2021 жылғы суреттер де болған, бірақ смартфоннан өшіп кеткен. «Ол кезде тіпті баламыз» деп сипаттады бес жыл бұрынғы суреттерді Бибісара.

«Достығымыз басталған уақытта менің рейтингім шамамен 2370, ал Жавохирдің рейтингі 2550 болған. Содан бері бес жылдан астам уақыт өткеніне сену қиын…», – деп еске алды Асаубаева.

Бес жыл бұрын Бибісара 17, ал Жавохир 16 жаста болған.

«Қазір екеуміз де әлемнің үздік бес шахматшысы қатарындамыз. Әлем кубогындағы жеңісі үшін ғана кездесе бастады деген пікірлерге күлкім келеді», – дейді Бибісара.

Асаубаева Синдаровпен бірге түскен суреттерінің астына «besties», яғни жан достар деп жазып, «шексіздік» және «көз тимесін» белгілерін қалдырды.

Қазір Бибісара мен Жавохир АҚШ-тың Майами қаласында жүр.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің ортасында Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров FIDE сыйлығына ұсынылды. Ал оның алдында қазақ шахматшысы әнұранды рояльмен орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген.

Тақырыпқа орай: Бибісара Асаубаева және Жавохир Синдаров жай ғана дос па?