
Eurasian Resources Group (ERG) өзінің Бразилиядағы ірі тау-кен активі – Bahia Mineração (BAMIN) компаниясын сату жөніндегі келіссөзді аяқтауға жақын. BNamericas басылымының хабарлауынша, португалиялық Mota-Engil тобымен арадағы бұл мәміле екі айдың ішінде өзара келісіммен жабылуы мүмкін.
Жобаның ауқымы қандай
BAMIN – орасан зор инфрақұрылымдық және өндірістік кешенді қамтитын бірегей жоба. Оның құрамына:
- Pedra de Ferro темір кен орны (жобалық қуаты жылына 26 млн тонна);
- Porto Sul теңіз порты;
- FIOL жаңа трансконтиненталды теміржолының құрылыс учаскесі кіреді.
ERG активті 2008 және 2010 жылдары екі траншқа бөліп, жалпы жиынтығы 976 млн АҚШ долларына ($1 млрд-қа жуық) сатып алған .
Алайда, кен орнын, теміржол мен портты толыққанды іске қосып, дамыту орасан зор капиталды талап ететіндіктен, холдинг соңғы жылдары жобаға инвестор әрі жаңа иесін іздеумен айналысты.
Сарапшылардың бағалауынша, жобаны толық жүзеге асыру үшін 5 млрд долларға жуық инвестиция қажет.
Қазірдің өзінде Бразилия үкіметі Porto Sul портының құрылысына 6,6 млрд реал ($1,3 млрд) көлемінде жеңілдетілген қаржы бөлген. Дегенмен, мемлекеттік қолдау қаражаты актив толықтай жаңа меншік иесінің қолына өткеннен кейін ғана бөлінеді.
Келіссөз неге созылды
Бастапқыда келісімге бірінші жартыжылдықтың соңына қарай қол қою жоспарланған еді. Бірақ ERG-нің меншік иелері құрамындағы елеулі өзгерістер келіссөз мерзімін біршама шегерді.
Мамыр айында кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы арқылы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлестерін сатып алып, холдингтің 39,3% акциясына иелік етті. Қазіргі уақытта ERG акцияларының 40%-ы Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ал 20,7%-ы Ибрагимовтар отбасына тиесілі.
Корпоративтік құрылымдағы осы өзгерістер тараптар арасындағы келісімшарттарды қайта қарап, реттеуді талап етті. Соған қарамастан, қазіргі уақытта тараптар алдын ала келісімге қол қойып, тиісті аудиторлық тексерісті (due diligence) жүргізіп жатыр.
Португалиялық Mota-Engil тобы үшін бұл мәміле – өзіндік экспорттық инфрақұрылымы бар Бразилиядағы ең ірі темір кені жобаларының біріне шығуға берілген үлкен мүмкіндік. Айта кету керек, Mota-Engil компаниясының негізгі акционерлерінің бірі – қытайлық ірі China Communications Construction Company (CCCC) холдингі.
Әзірге алдағы мәміленің нақты бағасы ресми түрде жарияланған жоқ.