
Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін қозғалған іс бойынша басты сот талқылауы басталды.
28 шілдедегі сот отырысына сотталушыдан жауап алынып жатыр. Айтуынша, Нұрай екеуі 2025 жылдың шілдесінде қыз-жігіт болып кездесе бастаған.
«Нұрайға қолма-қол ақша беріп тұрдым. Шымкентте жүрген кезінде 350 мың теңге бердім. Одан бөлек түрлі сыйлық беріп тұрдым. Нұрай ай сайын Алматыға барып тұруымды талап етті», – дейді Шерхан Аймахан.
Айтуынша, 2025 жылдың 4 қазанында екеуі үйленеміз деп шешіп, Алматыдан Шымкентке қарай бірге жолға шыққан.
Нұрайды үйіне алып барғаннан кейін қызға қолхат жаздырып алған. Аймахан мұны «салт-дәстүрге» сай жасадық деп отыр.
«Ең алғаш кездесуге шыққан кезде анасы тігіп берген көйлекті киіп шықты. Анасы рұқсат берген соң шықты. Анасы мен екі ағасы Димаш пен Сұлтан Нұрайдың менімен кездесіп жүргенін білді. Нұрайдың жұмысына барып жүргенімді көрді», – дейді сотталушы.
Нұрай қаза тапқан күн
Сотталушының сөзінше, 2026 жылдың 11 қаңтарында Нұрай Серікбаймен арадағы қарым-қатынасын үзу үшін қызды кездесуге шақырған.
«Ол келісім беріп… Сақинаны беріп қоштасқым келді. «Айырылысамыз» деген кезде ашуланып, сақинаны оң қолымен көше бойына лақтырды. Нұрай бірінші болып маған пышақ сұқты (…) Мен «қоштасамын» дегеннен кейін Нұрай кеудемнен ұрып, боқауыз сөз айта бастады. Қалтамнан пышақ сезілді. Екі пышақтың кішкентайын беріп, «ұрғанша, пышақта» дедім. Нұрай пышақты алып, сол қолымен оң тұсыма пышақ тыққаннан кейін артқа шегіндім. Ары қарай қалай болғаны есімде жоқ», – дейді сотталушы.
Сотталушыдан жауап алу жалғасып жатыр. Материал толықтырылады.
Айта кетейік, сотталушы Шерхан Аймахан 1997 жылы туған. Ол қылмыстық кодекстің «некеге тұруға мәжбүрлеу», «сталкинг», «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша айыпталып отыр.