Жаңалықтар

Орал орманы өртеніп жатыр

Қазақстан аумағында төтенше өрт қаупі жоғары / фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысында Орал орман шаруашылығы аумағында тұтанған өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар авиация көмегімен 68 тонна су төкті.

Тоғайдағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, орман шаруашылығы қызметтері, жергілікті атқарушы органдар, сонымен бірге 20982 әскери бөлімінің екінші құтқару батальоны жұмылдырылды.

ТЖМ өртті сөндіру жұмыстары екпінді желдің әсерінен қиындағанын ескертті.

Ормандағы өртті сөндіруге шамамен 80 адам, 10 бірлік жерүсті техникасы және 2 тікұшақ жұмылдырылған. Авиация көмегімен жалпы көлемі 68 тонна су төгілді.

Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде Қазақстанда бес орман өрті тіркелсе, соның екеуі Батыс Қазақстан облысында тұтанған.