
Орал қаласына жақын маңдағы Хан тоғайы аумағында болған табиғи өрт толығымен сөндірілді. Батыс Қазақстандағы өрт шамамен 18 гектарға жайылған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, тоғай өртінен ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда сейсенбі күні Орал тұрғындары қаланы түтін басқанына шағымданған.
Оқиға орнында жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, барлық қызмет өртті сөндіруге жұмыла кірісті. Құтқарушылар отты сөндіруге екпіні қатты жел кедергі келтіргенін айтты. Соның салдарынан жалын тез таралып, аумағы ұлғая түскен.
Күрделі ауа райына қарамастан, министрлік бөлімшелері орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп өртті жедел оқшаулап, кейін толығымен сөндірді. Олар өрттің одан әрі таралуына жол бермеді.
Тоғайдағы өртті сөндіруге 100-ден астам адам, 25 бірлік техника, сонымен бірге екі тікұшақ жұмылдырылды. Әуеден жалпы көлемі 68 тонна болатын 46 рет су төгілді.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Хан тоғайындағы өрт бір күн бұрын тұтанған.