Авто

Қазақстанда гибрид пен электромобильдердің сатылымы 3,5 есе өсті

REUTERS/Florence Lo, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда жаңа энергия көздерімен жүретін (NEV) автокөлік нарығы қарқынды өсім көрсетіп отыр.

«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ресми дилерлер 3 657 NEV автокөлігін сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 266%-ға немесе 3,5 есе көп (2025 жылы – 998 көлік).

Алты ай ішінде сатылған көліктердің 2 640-ы – қосылатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қоры ұлғайтылған электромобильдер (EREV). Ал 1 017-сі – толық электрлі көліктер (BEV).

Қандай көліктерге қызығушылық жоғары

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, жаңа энергия көздерімен жүретін көліктер Қазақстан нарығындағы ең қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің біріне айналды.

«Қазіргі таңда жаңа энергия көздеріне негізделген автокөліктер қолжетімсіз өнім болудан қалды. Әсіресе, қосылатын гибридтер мен жүріс қоры ұлғайтылған модельдерге қызығушылық жоғары. Олар электр жетегінің артықшылықтарын пайдаланып, ұзақ қашықтыққа еркін қатынауға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстан жағдайында өте өзекті», – деді Анар Мақашева.

BYD нарық көшбасшысы

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша BYD NEV нарығында бірінші орынға шықты. Брендтің 2 042 автокөлігі сатылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 241%-ға артты.

Екінші орынды 689 автокөлік сатқан Geely алды. Үшінші орынға Li (жүріс қоры ұлғайған 588 кроссовер) орналасты. Үздік бестікке тағы Zeekr (150 бірл.) мен ROX (95 бірл.) енді.

Ең көп сұранысқа ие модельдер

Алғашқы жартыжылдықта сатып алушылар арасында ең танымал болған модельдер анықталып отыр.

Сұраныс жоғары модельдер қатарында гибрид  BYD Song Plus DM-i (737 бірл.), Geely Galaxy EX5 EM-i (655 бірл.), BYD Chazor (510 бірл.), электрлі BYD Song Plus (357 бірл.), Li L6 (340 бірл.), BYD Yuan Up (333 бірл.), Li L7 (176 бірл.), BYD Sealion 7 (102 бірл.), ROX 01 (95 бірл.) және Zeekr 7X (74 бірл.) бар.

Электромобильдер сатылымы екі есеге артты

ҚАО дерегіне сәйкес, қаңтар–маусым аралығында толық электрлі автокөліктердің сатылымы 1 017 бірлікке жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе өсті.

«Ал қосылатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қоры ұлғайтылған электромобильлер (EREV) сегменті 431%-ға өсіп, қазақстандық тұтынушылардың әмбебап технологияларға басымдық бере бастағанын көрсетті», – деп бағалайды ҚАО мамандары.

HEV сегментінде Toyota көш бастады

Классикалық гибридті (HEV) автокөліктер арасында Toyota көшбасшы атанды. Алты ай ішінде брендтің 765 көлігі сатылды. Кейінгі орындарда Lexus (50) және Porsche (10) тұр.

NEV деген не?

NEV (New Energy Vehicles) – дәстүрлі бензин немесе дизель қозғалтқыштарының орнына балама энергия көздерін пайдаланатын көліктер. Бұл санатқа толық электрлі автокөліктер (BEV), қосылатын гибридтер (PHEV) және іштен жанатын қозғалтқышы тек аккумуляторды қуаттайтын генератор ретінде жұмыс істейтін жүріс қоры ұлғайтылған электромобильдер (EREV) кіреді.

Сондай-ақ, Қазақстанда 9 млн теңгеге дейінгі сомаға бірқатар жаңа көлік сатып алуға болады.