Жаңалықтар

Relog-тың бұрынғы менеджерлері келтірген шығын 2 млрд теңгеден асты

relog
Фото: Shutterstock

Қазақстандық Relog IT-компаниясы өзінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот процесін бастады. Қылмыстық және азаматтық істердің қозғалуына интеллектуалдық меншікті заңсыз басып алу және өкілеттікті асыра пайдалану себеп болған. Экс-менеджменттің әрекетінен келген жалпы шығын 2 млрд теңгеден астам деп бағаланып отыр. Бұл туралы Relog баспасөз қызметінің хабарламасында айтылған.

Активтерді шығару және Census өнімін иемденіп алу

Компания мәліметінше, бас директордың бұрынғы міндетін атқарушы Мұхтар Лекер мен экс-аналитик Алмаз Қисапов қызметін пайдалана отырып, Census аналитикалық өнімін заңсыз шығарып алу үшін сөз байласқан.

Схема бойынша бөгде заңды тұлға тіркеліп, оған Relog-тың қолданыстағы клиенттермен келісімшарттары жасырын түрде қайта рәсімделген. Компаниядан кеткеннен кейін фигуранттар иемденіп алған өнімге авторлық құқықтарды тіркеп, өздерінің заңсыз әрекеттерін заңдастыру мақсатында әзірлеушінің өзіне (Relog) қарсы сотқа талап-арыз түсірген.

TMS-жүйесінің бастапқы кодын көшіріп алу

Онымен қатар, ішкі тергеу компанияның негізгі өнімі – көлік логистикасын басқару жүйесі (TMS) ұрланғанын анықтады. Бұрынғы бағдарламашы Төрежан Ботақанов бастапқы кодты көшіріп, оны түрлендіріп, Лекер мен Қисаповқа бергені белгілі болды.

Экс-басшы өнім-клонды коммерцияландыруға тырысып жатыр. Relog өкілдері ұрланған код негізінде жасалған бағдарламалық жасақтаманы пайдалану заңсыз екенін, клиенттердің бизнесі үшін тікелей операциялық әрі репутациялық тәуекелдер тудыратынын нарыққа ресми түрде ескертеді.

Негізін қалаушының позициясы

Мұхтар Лекерге қатысты Қылмыстық кодекстің 250-бабы (Өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Параллельді түрде соттарда авторлық құқықтарды қорғау және ЖШС туралы заңнаманы бұзу бойынша екі азаматтық талап-арыз қаралуда. Компанияның қауіпсіздік қызметі ықтимал сыбайластарды анықтау үшін өткен кезеңдерге аудит жүргізуді жалғастыруда, өйткені қылмыс адамдар тобымен жасалған деп болжауға негіз бар.

Relog негізін қалаушы әрі бас директоры Бауыржан Рүстемов жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Мен Relog-ты көптеген жылдар бойы аяққа тұрғыздым, компанияға күшімді, қаражатымды, абыройымды және өмірімді салдым. Мен үшін бұл жай ғана бизнес емес. Сондықтан да компанияның, қызметкерлердің, клиенттер мен акционерлердің сенімін теріс пайдаланған бұрынғы қызметкерлердің жылдар бойы құрылған дүниені қиратуына жол бермеймін», – деді ол.

Қазақстандық Relog IT-компаниясын 2016 жылы Бауыржан Рүстемов құрған. Кәсіпорын көлік логистикасын автоматтандыруға арналған бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге маманданған. Негізгі өнімі – Relog TMS-жүйесі, экожүйеге сондай-ақ Census және Relog BI аналитикалық шешімдері кіреді. Клиенттік базасы бүкіл әлем бойынша 500-ден астам компанияны қамтиды, бұл кәсіпорынды логистика саласына арналған IT-өнімдердің өңірлік нарығындағы көшбасшылардың бірі етеді.