Жаңалықтар

Түріктер 20 млрд теңгеге Түркістанда фармзауыт салып жатыр

Түріктер Түркістанда фармзауыт салып жатыр
Түркияның ірі фармкомпаниясы Қазақстанға келді / фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысы Сауран ауданында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыт құрылысы басталды. 20,4 млрд теңгенің жобасын Orzax түрік компаниясы жүзеге асырады.

Түркістан облысында өндіріс пен фармацевтика саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» компаниясының биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауытының құрылысы басталды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысында фармацевтикалық өнімдерді тұтыну нарығының 100 млрд теңгеге жуығы импортқа тәуелді екені анықталған.

«Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы – Алимоглу Селман. Кәсіпкер зауыт құрылысы белгіленген мерзімде аяқталатынын айтты. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдары жүргізіледі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорынға 10 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 20,4 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына 464 млн дана биологиялық белсенді қоспа өндіреді. Кәсіпорында 500 адам жұмыс істейді.