Жаңалықтар

Қазақстан қалаларының тозған кәріз жүйелерін жаңартуға 6,8 трлн теңге жұмсалады

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда инженерлік желілердің ескіруі, апаттардың жиілеуі мен қуат тапшылығы коммуналдық қызмет сапасын төмендетіп отыр. Әсіресе, сумен жабдықтау мен су бұру саласындағы түйткілдер өзекті. Осыған байланысты 2025–2029 жылдарға арналған энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды модернизациялау жоспары іске асырылып жатыр.

Қанша қаржы құйылады

Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың айтуынша, 2025–2029 жылдары энергтика мен коммуналдық салаларға 13 триллион теңге бағытталады. Бұл қаражаттың 6,8 триллион теңгесі коммуналдық секторға, ал 6,2 триллион теңгесі энергетикаға арналған.

Бағдарламаға жеке және шетелдік инвестициялар да тартылмақ. 2026 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру екі есеге ұлғаяды.

Бес жылдық жоба аясында мынадай көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген:

  • 84 мың шақырым инженерлік желіні жаңарту;
  • Жалпы қуаты 7 309 МВт болатын жаңа генерирациялаушы қуаттарды іске қосу;
  • 27 энергетикалық объектіні салу.

Тозған құбырлар

Үкімет есебі бойынша, бұл шаралар инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін, ал апатты 25%-ға азайтады. Сонымен бірге 2029 жылға қарай жоғары тәуекел аймағындағы 70 коммуналдық кәсіпорын дағдарыстан шығарылып, инфрақұрылымы тұрақты кәсіпорындар үлесі артады.

2025 жылы 547 миллиард теңгеге 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, 8 кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылды.

2026 жылы 1,138 триллион теңгеге 12 мың шақырым желіні жаңарту көзделген. Оның 759 миллиард теңгесі құрылыс жұмыстарына, ал 379 миллиард теңгесі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және отандық өндірушілерден материалдар сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ биыл тозу деңгейі өте жоғары тағы 8 кәсіпорын орташа деңгейдегі категорияға көшіріледі.