
АИТВ-мен күреске бөлінетін халықаралық қаржының қысқаруы әлемде індеттің қайта күшею қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) жариялаған арнайы баяндамада айтылған.
Баяндамаға сәйкес, жаңа АИТВ жұқтыру жағдайлары мен ЖИТС-тен болатын өлім-жітім соңғы 30 жылдан астам уақыттағы ең төменгі деңгейге жеткен. Соған қарамастан, АИТВ-мен күрес шаралары әлі де тұрақсыз болып отыр.
2025 жылы әлем бойынша 1,2 млн адам АИТВ инфекциясын жұқтырған. Сонымен қатар, 21 елде жаңа АИТВ жұқтыру жағдайларының саны артқан.
Әлемде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 41 млн адамның шамамен 9 миллионы қажетті ем қабылдамаған. Ал АИТВ жұқтырған балалардың тең жартысына жуығы 2025 жылы антиретровирустық терапияға қол жеткізе алмаған.
Өткен жылы 570 мың адам ЖИТС-пен байланысты аурулардан қайтыс болған.
Баяндама авторларының айтуынша, егер 2030 жылға дейін белгіленген мақсаттарға жету үшін шұғыл шаралар қабылданбаса, жыл сайын АИТВ жұқтыратын адамдардың саны 3 миллионнан асып кетуі мүмкін.
Ал ЮНИТАИД ұйымының бағалауынша, жаңа АИТВ жұқтыру жағдайларын нақты азайту үшін 20 миллион адамды антиретровирустық профилактикамен қамту қажет.
АИТВ-ның алдын алу шараларының басым бөлігі халықаралық қаржы есебінен қаржыландырылып келді. Алайда 2025 жылы бұл бағытқа бөлінген қаржы 18%-ға қысқарып, 7,3 млрд долларға дейін төмендеді. Оның негізгі бөлігі АҚШ тарапынан бөлінетін қаражат болған. Бұл – соңғы 20 жылға жуық уақыттағы ең төменгі көрсеткіш.
ЮНЭЙДС ұйымының атқарушы директоры Винни Бьяниманың айтуынша, ғылым бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашқанымен, адамдардың емге қол жеткізе алмауы үлкен мәселе болып қала береді.
«Ғылыми жетістіктер бізге алдыңғы буын тек армандай алған мүмкіндіктерді берді. Алайда қолжетімділік болмаса, инновацияның да мәні жоқ. Бұл – әділетсіздік. Табыстың басты өлшемі дәрі-дәрмектің бар-жоғы емес, оған мұқтаж адамдардың оны қолжетімді бағамен ала алуы», – деді Винни Бьянима.
Айта кетейік, 27–31 шілде аралығында Рио-де-Жанейро қаласында ЖИТС мәселесіне арналған XXVI халықаралық конференция өтіп жатыр. Конференция барысында ЮНЭЙДС серіктестер мен ел үкіметтерін АИТВ/ЖИТС-пен күреске тұрақты қаржыландыруды қайта жандандыруға шақырып, ЖИТС-ті денсаулыққа төнетін қауіп ретінде жою үшін күш біріктіруге үндеді.