Жаңалықтар

15% акциясын сатып алады: түрік инвесторы Алматы әуежайының толық қожайыны атанбақ

Алматы әуежайына түріктер толық иелік етеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Түріктің TAV Airports компаниясы Алматы әуежайын бақылайтын Almaty Airport Investment Holding B.V. холдингінің қалған 15% үлесін 133 млн долларға сатып алмақ. 15 пайыз үлес «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – Qazaqstan Investment Corporation-ге (QIC) тиесілі болған.

QIC бұл жобаға Kazakhstan Infrastructure Fund (KIF) тікелей инвестициялар қоры арқылы қатысты.

2021 жылдың сәуір айында TAV Airports тобы әуежайды сатып алған кезде, аталмыш қор акционерлер құрамына кірді. Жалпы құны 415 миллион доллар болған сол келісімшарт аясында қор жобаға 30 млн доллар көлемінде үлестік қаржы бөлген.

Енді мәміле толық аяқталған соң, түрік холдингі әуежайдың 100% толық иесі атанады.

Бұл шешім 2021 жылы жасалған акционерлік келісімге сүйеніп қабылданды. Соған сәйкес, KIF қоры өзіне тиесілі 15% үлесті кері сатып алуды талап ету құқығын пайдаланған. Ал TAV компаниясы бұл үлесті өзінің еншілес Aviator Netherlands B.V. фирмасы арқылы сатып алады.

TAV Airports өкілдері Алматы әуежайының тұрақты дамып келе жатқанын және Орталық Азиядағы негізгі әуе хабтардың бірі ретінде өз орнын нығайтып жатқанын атап өтті. Келісімшарт толық жүзеге асқаннан кейін TAV Airports компаниясы Алматы әуежайын басқаратын холдингтің жалғыз қожайыны болады.

Алматы әуежайы 2021 жылдан бері TAV Airports халықаралық холдингінің құрамына кіреді. Оған дейін аталған нысан Venus Airport Investments B.V. компаниясының иелігінде болған еді.