
29 шілдеде сағат 11:10 шамасында Алматы қаласының тұрғындары әлсіз жер сілкінісін сезді. Дүмпу Қытай аумағында болған. Бұл туралы Kursiv.Media Ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстандағы сейсмикалық станциялар Қытай аумағында магнитудасы 4,7 балл болатын жерасты дүмпуін тіркеді. Ұлттық орталық жариялаған координаттарға қарағанда, дүмпу ошағы Қырғызстан мен Қытай шекарасына жақын маңда орналасқан.
Сейсмологиялық зерттеу және ақпарат ұлттық ғылыми орталығы мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде орналасқан.
Станциялар дүмпу Алматы қаласында 2 балл болғанын анықтаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түспегенін хабарлады.
Жер сілкінісін Еуропа-Жерорта теңізі Сейсмологиялық Орталығы (EMSC) да тіркеді. Оның мәліметінше, жерасты дүмпуі Қырғызстанның Қаракөл қаласына жақын маңда болған. Орталық жер сілкінісі магнитудасын 4,6 балл деп есептеді.