
Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы» авиаотын жеткізушілерден заңсыз алым алып келген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлайды.
Осылайша әуежай монополияға қарсы заңды бұзған. Әуежай авиаотын жеткізушілерден әуелде тоннасына 16 мыңнан аса алым жинап келсе, кейіннен бұл сома 77 852 теңгеге жеткен. Одан кейін қайтадан 60 мың теңге шамасына түскен.
Агенттік «бұл жайт нарық қатысушыларының шығындарын арттырып, авиациялық отын бағасының өсу тәуекелдерін туындатқан» деп тұжырымдайды.
Тергеп-тексеру қорытындысын бірінші сатыдағы сот заңды деп таныған.
Астана әуежайы қалалық әкімдікке қарайды. 2023-2025 жылдар аралығында әуежай араб компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда келісімшарт мерзімі ұзартылмаған.
Астана халықаралық әуежайы алдағы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Skytrax рейтингінде әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруді жоспарлап отырғанын жазған едік.