
29 шілдеде елдің басым бөлігінде найзағай ойнап жаңбыр жауады. Тек елдің оңтүстігінде ғана жауын шашынсыз ауа райы болады. Ал батыс өңірлерде +44 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Қазгидромет синоптиктері ел бойынша жел күшейіп, Маңғыстау және Түркістан облыстарында шаңды дауыл тұрады деп болжап отыр.
Ауаның ең жоғары температурасы Маңғыстау облысында +43…+44 градусқа дейін күтіледі. Атырау, Ақтөбе облыстарында және Қостанай облысының оңтүстігінде ауа температурасы +40…+43 градусқа дейін көтеріледі.
Синоптиктер Қызылорда және Түркістан облыстарында ауа райы +40…+42 градусқа дейін баратынын болжады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстарында температура +35…+38 градусқа дейін көтеріледі.
Бұдан бөлек елде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып тұр. Ең күрделі жағдай Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының, Абай және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында күтіледі.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысының солтүстігінде, шығысында және батысында найзағай, кей жерлерде бұршақ жауады. Алматы облысы мен Жетісу облысының таулы аудандарында найзағаймен қысқа мерзімді жаңбыр болжанды, ал Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде қатты жаңбыр жауады.
Синоптиктер тұрғындарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауға және қатты жел, найзағай және аптап ыстық кезінде абай болуға шақырады.
Сонымен қатар синоптиктер 29 шілдеде 5 қалада – Алматы, Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында ауа сапасының ластанатынын ескертті.