
«ҚазТАГ» ақпарат агенттігі мен «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына қатысты істе көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған Жанна Қапарова сотта барлық сұраққа жауап беруге дайын екенін және жасыратын ештеңесі жоқ екенін айтты. Алайда сотталушы өзіне қойылған сұраққа қарсы сұрақ қоюмен болды. Сондай-ақ қандай да бір сұраққа қатысты дереккөз бен нақты уақытын сұрап, бұрын өзі берген жауабына сілтеме жасауды талап етті.
Сотталушыға саланы реттеуші орган өкілдерімен болған кездесу, хат алмасу, аудиожазба және басқа шағымданушылармен қарым-қатынасына қатысты сұрақ қойылған кезде, Қапарова сұрақты түсінбейтінін, егжей-тегжейін есіне түсіре алмайтынын немесе бұл сұрақтардың айыптау актісінде қамтылмағанын айтты. Бірқатар сұраққа сотталушының орнына адвокаты Айдана Нұркеева жауап беріп отырды.
Сұраққа сұрақпен жауап берді
«Фридом Финанс» адвокаты Александр Камендровский Қапарованың ақшасынан айырылғанын мәлімдеген басқа адамдармен қандай мақсатта байланысқанын анықтауға тырысты. Бұған жауап ретінде сотталушы «байланысты» деген сөздің өзін нақтылауды сұрады.
«Байланысты» деген қалай? Бұл сөзді қандай мағынада қолданып отырсыз?» – деді Қапарова.
Камендровский одан басқа шағымданушыларды топтастырды ма деп сұрағанда, Қапарова тағы да бірнеше қарсы сұрақ қойды.
«Мен ешкімнің басын қосқан жоқпын, құрметті сот. Александр, неге мұны қазір маған іліп отырсыз? Кімнің басын қостым? Ненің басын қостым? Қайда жинадым?» — деді ол.
Айтуынша, басқа шағымданушылар Қапарованың мәлімдемелерінен кейін өздері онымен байланысқа шыққан.
Уақыт пен нақты цитата талап етті
Қапарованың тағы бір тәсілі — әрбір тұжырымды барынша нақтылауды талап ету болды. Ол қай уақытта болғанын, әңгіменің қандай жағдайда өрбігенін көрсетуді және өзінің бұрынғы жауабынан цитата келтіруді сұрады.
«Нақты не дегенімді айтыңыз. Мен байланысқа шықтым деп айтқан жоқпын. Прокурор: «Сіз байланысқа шықтыңыз ба?» деп сұрады. Мен: “Қашан, не, қалай, не туралы айтып отырсыз, қай уақытты меңзеп тұрсыз, «байланысқа шықты» деген не?» деп сұрадым», — деді сотталушы.
Жәбірленуші тарап оның жария мәлімдемелеріне сілтеме жасаған кезде, Қапарова жазбаны толық көрсетуді талап етті.
«Маған неге сілтеме жасап отырғаныңызды көрсетіңіз. Видеоны көрсетіңіз», — деді ол.
Тағы бір эпизодта Қапарова сөздері контекстен жұлынып алынуы мүмкін екенін айтып, толық үзіндіні көрсетуді қайта талап етті.
«Мұны контекстен жұлып алып, сұрақ қойып отырсыз. Ештеңе түсінбедім. Құрметті сот, тағы да айтамын, мен жауап беруден бас тартып отырған жоқпын. Мен түсінбей отырмын», — деді сотталушы.
Осылайша талқылау Қапарованың айтқан сөздерінің мазмұнынан гөрі, сұрақтың қаншалықты нақты қойылғанына және оның бұрынғы айтқандарының қалай ұсынылғанына ауып отырды.
«Бұл айыптау актісінде жоқ»
Камендровский Instagram мен ондағы жарияланымдар туралы сұрақтар қоя бастағанда, қорғаушы тарап бұл материалдардың сот талқылауына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«Айыптау актісінде қандай да бір Instagram аккаунт бар ма? Хаттаманы зерттедік. Ол жерде 12 жарияланым және National Press Club өткізген баспасөз конференциясының бір видеосы бар», — деп қарсылық білдірді адвокат Нұркеева.
Қапарова да осы ұстанымды қолдады.
«Біз қазір менің Instagram-ымды талқылап жатырмыз ба? Біз Instagram-ды талқылап отырған жоқпыз. Бұл — айыптау актісі. Instagram-ды талқыламаймын», — деді ол.
Қорғау тарабы сот зерттемеген аудиожазбаларға, скриншоттар мен хаттарға қатысты сұрақтарға да қарсылық білдірді.
Нұркеева аудиожазбаны «қысқартуға, қиып алуға, көлемін азайтуға, өзгертуге» болатынын айтты. Оның сөзінше, алдымен жазбаның дереккөзін, монтаж жасалмағанын және дауыстардың кімге тиесілі екенін растау қажет, содан кейін ғана оған қатысты сұрақ қоюға болады.
«Есімде жоқ»
Қапарова қойылған сұрақтың біразына жауап берген кезде мән-жайды есіне түсіре алмаймын деумен болды.
«Есімде жоқ. Есімде жоқ, құрметті сот. Есімде жоқ», — деп қайталаумен болды Қапарова.
Ол 2024 жылғы тамызда Алматыда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде (ҚНРДА) өткен кездесуге қатысты сұрақтарға да осылай жауап берді. Қапарова кездесудің болғанын растады, алайда ол жерге не үшін барғанын және не талқыланғанын айта алмады.
«Құрметті сот, шынымды айтсам, не себепті кездескеніміз есімде жоқ. Кейін біртіндеп есіме түсе бастады, расында да, кездесу Алматыда, ҚНРДА-да өтті. Кездесудің тақырыбы, шынымды айтсам, есімде жоқ», — деді Қапарова.
Ол сондай-ақ кездесуде қандай құжаттар көрсетілгенін, саланы реттеуші орган өкілдерінің қандай түсініктеме бергенін және жиналғандардың қандай қорытындыға келгенін есіне түсіре алмады.
Қапарованың орнына адвокаты жауап берді
Камендровский сұрақ қойған кезде Қапарованың адвокаты сөзін бөліп отырды. Нұркеева сотталушы жауап беріп үлгермей жатып, сұрақтың мәні өзгертуді талап етті.
«Нақты сұрақ қоюға бола ма? Сізден нақты сұрақ қоюды сұрап отыр», — деді адвокат.
Тағы бір жағдайда ол тікелей сұраққа көшуді қайта талап етті.
«Мұның бәрі не үшін оқылды? Түсініксіз. Сұрағыңызды қойыңыз. Оны түпкілікті тұжырымдап айтыңыз», — деді Нұркеева.
Адвокат сондай-ақ кейбір сұрақтарды алып тастауды сұрады, Қапарованың нақты жауабынан цитата келтіруді талап етті және көрсетілген құжаттардың қылмыстық іс материалдарында бар-жоғын тексерді.
Айыптау тарабы адвокаттың сөзді бөле бергеніне соттың назарын аударды. Нұркееваның өзі Қапароваға жауапты айтып отырмағанын, тек қорғауындағы адамға қысым жасалғанына «наразылық білдіргенін» мәлімдеді.
Кейін адвокат Қылмыстық-процестік кодекс нормаларынан шығып кетуі мүмкін әрекеттері үшін соттан кешірім сұрап, эмоциясын тежеуге уәде берді. Сонымен қатар ол Қапароваға айыптау тарапының сұрақтарына жауап беруден толық бас тартуды ұсынғанын атап өтті.
Жауап беруге дайын, бірақ…
Қапарова сотта бірнеше рет жауап беруден бас тартпайтынын айтты.
«Менің азаматтық ұстанымым — сотқа жауап беру. Барлық сұраққа жауап бергім келеді, өйткені жасыратын ештеңем жоқ», – деді ол.
Алайда даулы эпизодтардың басым бөлігі бір сценарий — уақытты нақтылау, сұрақты түсінбегенін айту және есінде жоқ екенін мәлімдеумен өтті.
Жанна Қапарова — анасы Қарлығаш Қапарованың мүддесін қорғап жүрген Астана тұрғыны. Анасының $380 мыңнан $440 мыңға дейінгі инвестициясынан айырылғаны туралы мәлімдемесі «ҚазТАГ» агенттігінің «Фридом Финанс» АҚ-ға қарсы ақпараттық шабуылына себеп болды.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Қапарова агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновпен алдын ала сөз байласқан. Қапарова қоғамдық резонанс арқылы брокерді өтемақы төлеуге мәжбүрлеуді көздесе, Қасенов сайттың қаралымын арттыру мақсатында жалған мәліметтерді жариялауға келіскен.