
Астанада 62 млн теңгеден асатын қарызын себепсіз төлемей жүрген азамат жүргізуші куәлігін уақытша қолдана алмайды. Кассациялық сот та мұның заңды екенін түсіндірді.
Ер адам қарызын төлемей жүргендіктен сот орындаушысы оның мүлкіне тыйым салып, Қазақстан аумағынан шығуын уақытша шектеген. Алайда ер адам сот шешімін орындамай жүре берген. Содан кейін сот орындаушысы сотқа жүгініп, ер адам жүргізуші куәлігін қолдана алмай қалған.
Содан кейін ол кассациялық сотқа жүгініп, шыққан шешімге шағымданған.
Сот «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға сәйкес борышкерге осындай шара қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Сот шешімі орындалмағандықтан құжаттың қолданылуын уақытша тоқтату заңды әрі атқарушылық іс жүргізудің мақсатына сәйкес деп танылды», – делінген ақпаратта.
Нәтижесінде кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
2026 жылдың 25 тамызынан бастап мас болып көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Енді құқық бұзушы 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, құжатты 8 жыл бойы ала алмайды.