
Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Ақпаратты Қостанай облысының әкімдігі растады.
Бала 28 шілдеде кешкі уақытта көз жұмды. Полиция аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғады. Өлімнің себебі тергеу барысында анықталады.
«Орталықта әрбір балаға тиісті тәулік бойы күтім ұйымдастырылған. Медициналық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне екі рет медқызметкерлер мен орталық басшылығы тексеру жүргізеді. Педиатр, невропатолог жұмыс істейді. Күндіз баланың жағдайы қанағаттанарлық болған, температурасы көтерілмеді, шағымдар болған жоқ, бала белсенді болды, түскі ас ішіп, күндізгі ұйқыға жатқан», – деп хабарлады әкімдіктен.
Ал Қостанай облысы құқық қорғау орталығы 14 жастағы мүмкіндігі шектеулі бала қатты ыстықтан жүрегі тоқтап қалғанын хабарлады. Себебі орталық қызметкерлері бөлмелерде салқындатқыштың жоқтығына шағымданған. Алайда бұл ақпарат жоққа шығарылды.
«Әр топта ауа райын ескере отырып, ерекше бақылауға алынған кондиционерлер, ауыз су және температуралық режимдер орнатылған. Жағдай жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бақылауында», – деп хабарлады арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы.
Жыл басында Ақмола облысының Қосшы қаласында қоғамдық мәдени-спорттық кешенде 10 жастағы қыз бала қайтыс болды. Жасөспірімнің жағдайы жаттығу кезінде күрт нашарлаған.