
Қырғызстанда кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді, деп хабарлады елдің президент аппараты.
Мемлекет басшысы Президент пен Жогорку Кенеш депутаттарының сайлауын өткізу тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін конституциялық заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, келесі президент сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталатын жылдың қаңтар айының төртінші сәрсенбісінде, яғни 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді.
Парламент депутаттарының кезекті сайлауы қазіргі шақырылымның конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталатын айдың сәрсенбі күніне белгіленетін болады.
Бұл ретте сайлаудағы дауыс беру күндері еңбекақысы сақталатын демалыс күндері болады.
Айта кетейік, Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров бұл қызметті 2021 жылғы 28 қаңтардан бері атқарып келеді.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы рет елде Жогорку Кенеш сайлауы былтыр күзде өткен.