Жаңалықтар

ШҚО-да 50-ден астам сотталған рақымшылыққа ілігуі мүмкін

Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шығыс Қазақстан облысында 300 жуық жазасын өтеушінің мерзімі қысқартылып, 50 адам рақымшылыққа ілінбек.

YK-news.kz хабарлауынша, бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожықанова мәлімдеген.

Оның айтуынша, өңірде рақымшылық туралы заң жүзеге асырылып жатыр.

«Бүгінгі таңда пробация қызметінің қызметкерлері рақымшылық туралы заңның талаптарына сәйкес келетін сотталғандарға қатысты 300-ге жуық материалды сотқа жолдады. Олардың басым бөлігі жаза мерзімін қысқартуға қатысты. Сонымен қатар 50-ден астам сотталғанды жазасын әрі қарай өтеуден толық босату мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Әрбір материал жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деп түсіндірді Салтанат Ожықанова.

Мәселен, рақымшылыққа сәйкес 22 жастағы ер адам жазасын одан әрі өтеуден босатылды.

«Жігіт сүйіктісінің өтініші бойынша екеуі қыздың анасына тиесілі алтын шынжырды ломбардқа өткізген. Мұны білген әйел полицияға жүгінді, – деп хабарлады ҚАЖД. – Соның нәтижесінде жігіт бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді».

Пробация қызметінің мамандары сотталғанның жеке іс материалдарын зерделеп, қажетті құжаттарды әзірлеп, рақымшылықты қолдану мәселесін қарау үшін сотқа жолдады. Сот ұсынысты қанағаттандырды.

«Мен қызға сендім, бұл жағдайдың қылмыстық іске ұласатынын тіпті ойлаған жоқпын. Ақырында сотты болдым, ал ол мені тастап кетті», – деді жас жігіт.

Айта кететін жайт, рақымшылыққа іліккен Бақытжан Байжанов 6 жыл бақылауда болады.