
Астанадағы «Барыс Арена» алаңында «Болашақ Ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирінің ашылу салтанаты басталды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Ашылу салтанаты жарқын концерттік бағдарламамен басталды. Сахнада қазақстандық орындаушылар Yenlik, Nazar, Ademi және Alpha өнер көрсетті. Көрермендерге «Болашақ Ойындарының» негізі спорт, технология және цифрлық мәдениеттің үйлесіміне арналған, заманауи сахналық технологиялар қолданылған әсерлі шоу ұсынылды.
Музыкалық бағдарламадан кейін балалар хоры көрермендермен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады.
«Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі, «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру», – деп президент.
Ашылу салтанаты Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін халықаралық турнирге ресми түрде старт береді. Спорт пен заманауи технологияларды біріктіретін жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады.
Шараға, сондай-ақ, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысуда.
Айта кетейік, 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 млн 650 мың долларды құрайды.