Жаңалықтар

Түркістан тауларында бір адам қайтыс болды

Түркістан тауларында бір адам қайтыс болды / Фото: ТЖМ

Түркістан облысының Төлеби ауданында құтқарушылар таулы аймақтан ер адамның денесін түсірді. Төтенше жағдай Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте орналасқан Шүнкілдек асуында болған.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоға тауда жүрген ер адамнан көмек сұраған қоңырау түскен. Ол бірге келген досының денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмғанын хабарлаған. Шақырту жасаған азаматтың өзі де әлсіреп, таудан өздігінен түсе алмай қалған.

Оқиғаның күрделілігі мен географиялық орналасуын ескере отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жедел жұмылдырылды.

Тікұшақтың көмегімен жетуі қиын биіктіктен 1993 жылы туған ер адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Оны бірден жедел жәрдем дәрігерлері қарап, алғашқы көмек көрсетті. Бақытқа орай, оған ауруханаға жатудың қажеті болмады.

Сонымен қатар, құтқарушылар таудан 1978 жылы туған ер адамның мәйітін төменге түсірді. Алдын ала болжам бойынша, оның өліміне денсаулығының кенеттен сыр беруі себеп болған.

Осы қайғылы оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық тұрғындары мен қонақтарына тауға шығар алдында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.