Жаңалықтар

Түркиядағы орман өрті: Анталья мен Муглада жағдай күрделі

Түркиядағы орман өрті: Анталья мен Муглада жағдай күрделі / Фото: Anadolu

Түркияның Анталья және Мугла провинцияларында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Тілсіз жаумен күреске жүздеген маман мен арнайы авиация күштері тартылған.

Өңірлердегі ахуал

Антальяның Каш ауданындағы Юзюмлю аймағында өрттің шыққанына екі күн болды. Таулы әрі тасты рельеф сөндіру жұмыстарын қиындатуда. Оқиға орнында 155 адам мен ондаған техника, сондай-ақ, тікұшақтар мен ұшақтар жұмыс істеп жатыр. Кумлуджа мен Демре аудандарындағы өрт ауыздықталды.

Мугланың Сейдикемер ауданында жағдай өте қиын. Егістіктен басталған өрт күшті желдің салдарынан орманға көшкен. Өртті сөндіруге 5 ұшақ, 12 тікұшақ және 370-тен астам адам жұмылдырылды. Қауіпсіздік мақсатында 65 тұрғын эвакуацияланып, жергілікті аурухананың реанимация бөлімі босатылды. Қалың түтінге байланысты Фетхие – Анталья тас жолы уақытша жабылды. Фетхие ауданындағы өрт толық сөндірілді.

Биледжиктің Пазарыери ауданындағы егістік алқабында шыққан өрт бақылауға алынып, қазір салқындату жұмыстары жүріп жатыр.

Ішкі істер министрлігі мен құзырлы органдар өрттің шығу себептерін зерттеу үстінде.

Айта кету керек, Түркиядағы ыстық ауа райына байланысты жазғы кезеңде елдің түрлі аймақтарында бір уақытта әртүрлі табиғи катаклизмдер орын алуы мүмкін. Былтыр күзде Анталья провинциясында бірнеше күннен бері орман өртеніп, бірнеше күн сөндіруге мәжбүр болған.