
Өндірісте ауыр жарақат алғаннан кейін Қостанай тұрғыны күтпеген мәселеге тап болды. Жұмыс беруші бұл адамның оның кәсіпорнында ешқашан жұмыс істемегенін мәлімдеді. Нәтижесінде іс сотқа дейін жетті.
Ер адам 2026 жылдың ақпан айынан бастап еңбек шартын рәсімдемей-ақ диірменші болып жұмыс істегенін айтты. Өндірістік нысандағы қайғылы жағдай 30 наурызда болған. Ауысым кезінде ол сол қолының бірнеше саусағынан айырылған. Осыдан кейін жұмысшы сотқа жүгініп, моральдық зиян өтемақысын өндіруді талап етті.
Жұмыс беруші ер адамның компанияда жұмыс істегенін теріске шығарды. Алайда сот мүлдем басқа қорытындыға келді. Еңбек қатынастарын куәгерлердің айғақтары, мессенджердегі нотариалды куәландырылған хат-хабарлар, ақша аударымдары, ұялы байланыс операторларының ер адамның жұмыс уақытында болған жері туралы деректері, сондай-ақ, кәсіпорынның қызметі туралы мәліметтер дәлелдеді.
«Сот шешімімен талап қоюшының 2026 жылдың 1 ақпаны мен 31 наурызы аралығында диірменші лауазымында жұмыс істеу фактісі анықталды. Бұдан бөлек, компаниядан 3 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Өндірістегі қайғылы жағдайды заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізілмеген, ал кәсіби еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін анықтау үшін қажетті акт жоқ», – деп хабарлады Қостанай қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.