
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тұтынушыларға жалпы сомасы 1,5 млрд теңге қайтарылған. Көрсеткіш 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 15,3%-ға жоғары. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
2026 жылдың алғашқы алты айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттері 47 мыңға жуық азаматтың өтінішін қарады.
Өтініштерді қарау нәтижесінде 15 мың тұтынушының талабы қанағаттандырылып, 15,4 мың тұтынушыға құқықтық көмек көрсетіліп, консультациялар берілді. Ал 12 мың тұтынушының мәселесі құзыреті бойынша қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.
Тұтынушылардың өтініштері негізінде аумақтық департаменттер 776 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 892 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 17,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің араласуымен «Tuha Development» тұрғын үй-құрылыс кооперативімен жасалған үлестік қатысу шарты бойынша дау сотқа дейінгі мәміле арқылы шешіліп, тұтынушыға 14 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Шымкент қаласында «Канфар Бюлдинг» ЖШС-нен сатып алынған пәтердегі кемшіліктерге байланысты жүргізілген жұмыс нәтижесінде тұтынушыға 15,1 млн теңге қайтарылды.
Сондай-ақ резонанс тудырған істердің бірі – «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-нен Lexus LX 600 автокөлігін сатып алған тұтынушының өтініші. Департаменттің құқықтық сүйемелдеуі нәтижесінде тұтынушыға 79 490 000 теңге көлеміндегі қаражат толық көлемде қайтарылды.
Бұдан бөлек, «Сапалы өнім» жобасы аясында сапасыз және қауіпті өнімдерді анықтау жұмыстарының қорытындысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында зерттелген 874 өнім түрінің 623 атауынан заңнама талаптарының бұзушылықтары анықталды. Оның 84%-ы өнімді таңбалау талаптарының сақталмауына, ал 16%-ы санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына қатысты.
Анықталған фактілер бойынша 462 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.