Авто

Audi тарихындағы ең үлкен кроссовер – Q9-ды таныстырды

Audi Q9
Фото: Audi Q9 SUV

Audi өзінің тарихындағы ең ірі әрі ең сәнді жол талғамайтын – жаңа Q9 моделін ресми түрде таныстырды. Сонымен қатар қуаты шамамен 600 ат күшіне жететін V8 қозғалтқышымен жабдықталған спорттық SQ9 нұсқасының да тұсауы кесілді.

Жаңа модельдер брендтің флагмандық жол талғамайтын көліктеріне айналып, BMW X7, Mercedes-Benz GLS және Range Rover модельдерімен бәсекелес болады.

Audi Q9 SUV

Осы уақытқа дейін Audi маркасының ең ірі кроссовері Q7 болып келген. Енді оның орнын жаңа Q9 алмастырды.

Көліктің ұзындығы 5 311 мм, ал доңғалақ базасы 3 140 мм. Яғни жаңа модель Audi Q7-ден шамамен 25 сантиметрге ұзын. Тіпті шанақ ұзындығы бойынша стандартты Mercedes-Benz S-Class моделінен де асып түседі.

Сатып алушыларға алты және жеті орындық нұсқалар ұсынылады. Екінші қатарда үш орындық тұтас орындық немесе екі жеке жайлы кресло орнатылған конфигурацияны таңдауға болады.

Audi Q9 SUV

Үш экран, массаж және премиум жабдықтар

Көліктің салоны жаңа Audi модельдеріне тән заманауи шешіммен жабдықталған. Алдыңғы панельде бірден үш экран орнатылған:

  • цифрлық аспаптар панелі;
  • мультимедиа жүйесінің орталық дисплейі;
  • алдыңғы жолаушыға арналған жеке экран.

Қымбат нұсқаларында массаж функциясы бар орындықтар, бес аймақты климат-бақылау жүйесі, 22 динамигі бар Bang & Olufsen аудиожүйесі, панорамалық шатыр және жүргізушіге көмектесетін заманауи электронды жүйелер ұсынылады.

Audi Q9 SUV

SQ9 нұсқасы шамамен 600 ат күшіне ие

Спорттық SQ9 нұсқасы қуаты шамамен 600 ат күшіне жететін V8 қозғалтқышымен жабдықталған.

Қозғалтқышы мен техникалық мүмкіндіктері

Audi Q9 429 ат күшін өндіретін 2,9 литрлік V6 қозғалтқышымен жабдықталған.

Audi Q9 SUV

Ал SQ9 нұсқасына қуаты 591 ат күші және айналу моменті 800 Нм болатын 4,0 литрлік қос турбиналы V8 қозғалтқышы орнатылған. Бұл модель 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 3,8 секундта үдейді.

Екі нұсқа да салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені сүйрей алады.

Сатылымы қашан басталады

Audi Q9 SUV

Audi Q9 үшін негізгі нарық Солтүстік Америка болады. Компания осы өңірде модельдің жалпы сатылымының шамамен үштен екісі жүзеге асады деп күтеді.

АҚШ-та Audi Q9 бағасы 89 мың доллардан (шамамен 42,5 млн теңге), ал SQ9 нұсқасы 119 мың доллардан (шамамен 56,8 млн теңге) басталады.

Жаңа жол талғамайтын көліктердің сатылымы 2026 жылдың соңына дейін басталады.

Еске салайық, Қазақстанда Audi A6-ның C9 шанағындағы алтыншы буынының сатылымы басталды.