
Әнші Алтынай Жорабаеваның қызы Айнараның ұзату тойы желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілікті «Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан қарындасының қуанышында бой көрсетті ме» деген сұрақ мазалаған еді. Өйткені екі өнер иесі де бұрын продюсер Сәбит Әбдіхалықовпен отбасын құрған.
Асылжан Абдумуталиб бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желіде жауап берді.
«Тойға шақырту алмадым»
Асылжан өзінің екінші қарындасы Айнараның қуанышына шын жүректен ортақтасатынын айтып, оған деген бауырмалдық ниетін білдірді:
«2024 жылы Айнара (2-ші қарындасым) тойыма келіп, мені құттықтап кеткен. Той Астана қаласында 30 шақты жақын туыстардың арасында өтті. Инстаграмға жариялау болмаған еді бізде. Айнара өресі биік, ақылды қыз. Қуанышына ортақпын. Тойға шақырту алмадым, толықтай түсінемін себебін. Ренжімеймін. «Балаларды туыстыратын қан емес, үлкендердің қарым-қатынасы…», – деп жазды ол.
Асылжанның бұл жазбасы желіде үлкен қолдауға ие болды. Оқырмандар оның сабырлылығы мен ақылдылығына тәнті болып, ересек адамдардың қарым-қатынасы балалардың арасына сызат түсірмеуі керегін алға тартты.
Еске сала кетейік, Алтынай Жорабаева екінші қызы Айнараның ұзату тойын жасаған еді.