Жаңалықтар

Алматы тұрғындары үйіне жақын маңға автокөлігін тегін қоя алады

Алматылықтар тұрғылықты жеріне жақын маңда автокөлігін тегін қоя алады
Алматы тұрғындары үйінің маңындағы тұраққа көлігін тегін қоя алады / Фото: Аскар Ахметуллин

Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа ережелері бекітілді. Құжатқа сәйкес, тұрғындарға үй маңында тегін тұрақ пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар электр самокаттарына қатысты талаптар, көліктерді эвакуациялау және шлагбаум орнату тәртібі жаңартылды.

Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Жол жүрісі қағидаларымен реттелмеген бөлікте Алматы қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекітті.

Тұрғындар автотұраққа көлігін тегін қоя алады

Жобаға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары тұрғылықты мекенжайынан 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық автотұраққа бір автокөлігін тегін қоя алады. Алайда жүргізушіге нақты бір тұрақ орны бекітілмейді. Тегін тұрақ қызметі тек бос орын болған жағдайда ғана көрсетіледі.

Электросамокаттар тәртібі

Қағидалардың жеке бір бөлімі жеке мобильділік құралдарына арналған. Алғаш рет қалалық деңгейде электросамокаттар мен өзге де жеке мобильділік құралдарын орналастыру тәртібі айқындалды. Бұл олардың ретсіз қойылуын болдырмауға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және операторлар мен пайдаланушылар үшін бірыңғай талаптар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Көліктерді эвакуациялау

Сондай-ақ көлік құралдарын эвакуациялау және сақтау тәртібі нақтыланды. Енді эвакуациялау рәсімі міндетті түрде фото және бейнетіркеумен, көлік құралының жай-күйін тексеру актісін рәсімдеумен және мамандандырылған айып тұрағының жұмысына қойылатын бірыңғай талаптармен жүзеге асырылады. Бұл автокөлік иелерінің құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Шлагбаумдар мен қоршаулар

Бұдан бөлек, қағидаларда жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай тәртібі бекітілді. Сонымен қатар жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да арнайы қызмет көліктерінің кедергісіз өтуі міндетті түрде қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда Алматыда 17 мыңнан астам ақылы автотұрақ орны бар. Жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық автотұрақ ақылы болады.