Жаңалықтар

Алматыда 2 мың адамға арендасы аз пәтерлер жалға беріледі

пәтер
фото: shutterstock

Жақын арада Алматыдағы екі мыңға жуық отбасы жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізеді. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, ұлттық даму институты мәртебесін алған бір жылдың ішінде «Отбасы банк» мемлекеттік тұрғын үйді бөлу жүйесін толық жаңартқан. Өткен жылдың қазан айынан биылғы маусымға дейін республика бойынша 22 856 пәтерді бөлген.

Жалпы алғанда, әкімдіктер банкке 29 268 тұрғын үй тапсырған. Оның 17 985-і жалға берілетін тұрғын үй болса, 11 283-і 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы берілетін үй.

Кәмшат Оңалбаеваның айтуынша, таяуда Алматы әкімдігі «Отбасы банкке» жалға берілетін 1 971 пәтерді тапсырады. Оның ішінде 1 595 пәтер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, 376 пәтер қалған кезекте тұрған азаматтарға арналған. Арендалық пәтерлердің құны шамамен 10 мың мен 20 мың теңге аралығында.

Спикер сондай-ақ «Алматы жастары» бағдарламасының мүмкіндігін кеңейтіп, жастардың тұрғын үй мәселесін қолжетімді шартпен шешуге қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Бұған дейін, «Алматы жастары» бағдарламасы аясындағы жолдама кезең-кезеңімен берілетіні хабарланған.