Қоғам

Ақтөбе аумағында әрекет еткен қылмыстық топ мүшелері қамалды

Ол интернетті еркін пайдаланып, моншаға, «жаттығу залына» барып жүрген / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
8 адам қамауға алынды/ Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ақтөбеде интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік қызметті ұйымдастыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қатысы бар он адамға қатысты тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Ақтөбе аумағында қылмыстық топ телефон және интернет-алаяқтық жолымен азаматтардан жымқырылған қаражатты қабылдау, конвертациялау және заңдастыру схемасын құрған.

Топ құрамында оннан астам адам болған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан. 

Елдің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.

Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды.

Қылмыстық топ қалай әрекет еткен?

Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Осылайша дропперлердің шоттарын қашықтан басқарып отырған.

Мамандар қылмыстық топтың қалай әрекет еткенін әшкереледі. Соған сәйкес, алдымен жәбірленушілердің ақшасы транзит банк шоттары арқылы өткізіліп, дропперлердің шоттарына аударылған. Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған. Операцияларға заңды сипат беру мақсатында жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар қолданылған. Артынша заңсыз кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.

Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелген.