Қоғам

Ақтөбе базарындағы құрылыс материалдары сақталған қойма жанып кетті

Базардағы қойма жанып кетті / Фото: shutterstock

Ақтөбе қаласының Астана ауданында орналасқан «Жігер» құрылыс базарының аумағында төтенше жағдай орын алды Құрылыс материалдары сақталған қойма жанып кетті.

«101» пультіне дабыл түскен бойда оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жеткен. Жағдайдың күрделілігіне байланысты қосымша күштер мен құралдар тартылды. Өртті ауыздықтауға ТЖД жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмылдырылды.

Тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соқпады. Қойма металл конструкциялардан тұрғызылып, сырты профильді қаңылтырмен қапталған, ал шатыры ағаш торкөзге орнатылған. Ғимараттың мұндай құрылымдық ерекшеліктері өрт ошақтарына жетуді қиындатты

Құтқарушылардың жедел де шешімді әрекетінің арқасында жалынның көршілес нысандарға таралуына жол берілмей, өрт оқшауланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт әлі сөндіріліп жатыр.

Бұған дейін Орал қаласы маңында тұтанған қызыл жалын 18 гектар жерге жайылып, тұрғындарын тұншықтырған тоғай өрті бір күннен соң сөндірілді.