
2026 жылдың бірінші тоқсанында елде азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну көлемі артты. Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес, үш айда орта есеппен бір тұрғын 20,7 кг ет пен ет өнімін тұтынған. Былтыр бұл көрсеткіш 20,6 кг болған.
Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге, картоп 11,3 келіден 11,4 келіге дейін өсті. Сондай-ақ балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 3,5 келіден 3,6 келіген дейін артты.
Алайда азаматтар кей өнімді тұтынуды азайтқан. Мәселен, жарма және дәнді дақылдар өнімдерін тұтыну 31 келіден 30,6 келіге дейін қысқарды. Май мен тоңмайды тұтыну көлемі өзгеріссіз қалды.
Жеміс, жидек пен жаңғақты тұтыну 17,5 келіден 17,4 келіге, қант, тосап және балды тұтыну 10,8 келіден 10,3 келіге дейін азайды.
2026 жылдың I тоқсанында елдің бір тұрғыны орта есеппен 11,4 кг картоп, 6 кг бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бидай наны, 6 кг сиыр еті, 4,8 кг алма, 4,6 кг құмшекер, 4,2 кг күріш, 3,1 литр айран, 2,6 кг макарон өнімдері, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 кг жаңа немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 кг қара шай тұтынған.
Қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда көкөністі көбірек тұтынған. Қалалық жерде орташа көрсеткіш бір адамға 19,3 кг болса, ауылдық жерде 17,6 кг болды.
Көкөністі ең көп тұтыну Алматы қаласында тіркелді – жан басына шаққанда 23,2 кг. Одан кейін Жетісу облысы – 22,8 кг және Түркістан облысы – 21,4 кг. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында – 16,5 кг, сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында (16 кг) тіркелді.
Айта кетейік, елде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік бағасы арзандады. 2026 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша, бір аптада қияр бағасы 4,6% төмендеді. Қызанақ пен сәбіз (3,2%), жұмыртқа (-0,4%), ұн (-0,3%), тауық еті (-0,2%) бағасы арзандаған.