Lifestyle

BTS «Грэммиге» бойкот жариялады: Димаш Азияның үздік поп-музыканты атана ма

BTS тобы футболдан Әлем чемпионатында ән шырқады
Футболдан Әлем чемпионатында шырқаған Q-pop жұлдыздары / фото: Reuters/Vincent Carchietta

BTS тобы сәрсенбі күні «Грэмми» сыйлығына ән ұсынбайтынын мәлімдеді. Өйткені k-pop әншілер музыканттарды тілге, ұлтқа және аймаққа қарай бөлуге қарсы.

Грэмми төңірегіндегі дау

Америкалық «Грэмми» сыйлығы енді Азиядағы ең үздік поп-музыка орындаушыларға да тапсырылады. Салтанатты кеш 2027 жылғы ақпанға жоспарланған.

Алайда оған Оңтүстік Кореяның BTS тобы қатыспайтыны мәлім болды. Себебі әншілер сыйлықтың жаңа түріне қарсы шығып отыр. Олар алғаш рет «Грэммиге» қатыспайды.

«Біз биыл «Грэммиге» байқауына қатыспаймыз деп шештік. Музыканы тіліне немесе аймағына қарай бөлмей, сол күйінде сүйіп тыңдай береді деп үміттенемін», – деп мәлімдеді әншілер. Оны Reuters таратты.

Айта кетейік, осы топтың «Arirang» альбомы Billboard 200 чартында екі апта бойы үздік деп танылып, K-pop әлемінде рекорд орнатқан. Сол себепті BTS «Грэмми» сыйлығына әбден лайық.

«BTS-тің биыл сыйлыққа қатыспайтыны өкінішті. Дегенмен олардың шешімін құрметтеймін», – дейді «Грэммидің» бас директоры кіші Харви Мейсон.

Оның айтуынша, «Азия поп-музыкасы» санаты әншілерді бөлу емес, Азия құрлығында жетістіктерге жетіп жатқан әншілерді дәріптеу мақсатында енгізілген.

Димаш және Грэмми

Осы қисынға салсақ, жаңа санат Азия әртістерін шеттетпей, керісінше олардың жаһандық деңгейде танылуына жол ашады. Оның үстіне, BTS секілді К-pop алпауыттары бақ сынаудан бас тартқан соң, бұл санат басқа да әншілерге, соның ішінде Орталық Азия жұлдыздарына зор мүмкіндік сыйлайды.

Бұл ретте басты назар бірегей дауыс иесі Димаш Құдайбергенге ауары анық. Қытай нарығында бірнеше рет «Азияның ең танымал әншісі» атанған қазақ әншісінің репертуары мен шығармашылық қуаты Грэмми академиясы көздеген «Азия жетістігін дәріптеу» идеясына толықтай сәйкес келеді. Демек, жаңа санат Димаштың әлемдік музыка төрінде кезекті рет топ жаруына жол ашуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, «Грэмми» сыйлығын бұған дейін Қазақстаннан Иманбек Зейкенов (DJ Imanbek) алған.

2026 жылғы мамырда BTS тобы American Music Awards сыйлығының «Жыл әртісі» атағын жеңіп алған. K-pop жұлдыздары сол кезде Тейлор Свифт секілді жұлдыздарды артта қалдырған.

BTS бойз-бэнді жеті әншіден тұрады. Топ сапында RM, Jin, Suga, J-Hope, Jimin, V және Jungkook өнер көрсетіп жүр.