
30 шілдеде Freedom Кино мен ТВ платформасында «Ұмай» драмалық сериалы көрерменге жол тартты. Сериалда заңсыз қаржы айналымы мен көлеңкелі схемалардың шырмауына түскен әйелдің өмірін баяндалады.
Оқиға желісі бойынша қарапайым бухгалтер Ұмай күйеуінің құмар ойынға тәуелділігі салдарынан ірі қарызға батып, баспанасынан айырылады.
Дәл осы тығырыққа тірелген шақта өзінің ана атанатынын білген ол баласын қорғап, отбасын аман алып қалу үшін бұрын-соңды жасамаған батыл әрі қауіпті қадамға баруға мәжбүр болады.
Басты кейіпкер амалсыздан қаржылық айла-шарғыларға араласып, біртіндеп қылмыс әлеміне жақындай түседі.
Туынды 2010 жылдардың ортасындағы Қазақстандағы жасырын экономика мен заңсыз ақша айналымы мәселесін қарапайым адамның тағдыры арқылы шынайы көрсетеді.
Басты рөлді танымал актриса Динара Бақтыбаева сомдаған бұл драмалық хикая әйелдің ішкі күш-қуатын, ар-намысы мен болашағы үшін күресін баяндайды. Сериал әрқайсысы 30 минуттан тұратын 10 бөлімнен құралған.
Бұған дейін ұстаз өмірі жайлы түсірілген «Мұғалім» фильмі халықаралық фестивальге қатысатыны хабарланған.
