
Шілденің соңғы күнi ел аумағында ауа райы құбылмалы, әр аймақта әртүрлi болады. Елдің басым бөлігінде аптап ыстық күшейе түскенімен, кей өңірлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарға Иран аудандарынан келетін құрғақ әрі ыстық ауа массалары ықпал етеді. Осының салдарынан бұл өңірлерде жауын-шашын күтілмейді, температура жоғарылай береді
Оңтүстік өңірлерде (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары) күндіз термометр бағаны 33-44 градусқа дейін көтеріледі. Қызылорда, Түркістан облыстарының кей жерлерінде шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Орталық пен шығыста (Қарағанды, Ұлытау, Абай, Павлодар) күн ашық болып, термометр 31-41 градус аралығында аптап ыстықты көрсетеді.
Батыс пен оңтүстік-шығыста (Алматы, Жетісу, Атырау) жауын-шашынсыз, күндізгі температура 28-38 градус төңірегінде сақталады. Атырауда түс ауа шаңды дауыл соғуы ықтимал.
Жаңбыр, бұршақ және дауыл
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс аймақтарында ауа райы жауын-шашынды болады.
Солтүстік пен солтүстік-батыс өңірлерде (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан) өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жауын жауып, бұршақ жаууы, дауыл туындауы мүмкін.
Ауа температурасы түнде 15-25 градус, күндіз 25-39 градус аралығында құбылады. (Ақмола облысында жауын-шашынсыз, күндіз 34-39 градус ыстық болады).
Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында да кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Ірі қалалардағы ауа райы қандай
Астана: Күн құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 1-12 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде 19-21 градус, күндіз 35-37 градус аптап ыстық.
Алматы: Күн бұлтты, жауын-шашын күтілмейді. Жел 3-8 м/с жылдамдықпен соғады. Температура түнде 19-21 градус, күндіз 32-34 градус жылы.
Шымкент: Өткінші бұлтты, жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 22-24 градус, күндіз 39-41 градус қатты ыстық болады.
Бұған дейін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қатты ыстыққа қатысты ескерту жасаған.