Спорт

Шетелдік БАҚ Криштиану Роналдудың үйлену тойын жоққа шығарды

фото: Instagram

Желіде Криштиану Роналду мен сүйіктісі Джорджина Родригес 1 тамызда үйлену тойын жасайтыны туралы ақпарат тарады. Алайда Испанияның Hola! басылымы бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Бастапқыда жұлдызды жұп Португалияның Синтра қаласы маңындағы Кинта-да-Регалейра сарайында ресми түрде неке қияды делінді. Тіпті салтанатты шараға шақырылған меймандардың тізімі де жариялана бастады. Шақырылуы мүмкін қонақтардың қатарында француз футболшысы Килиан Мбаппе, UFC жұлдыздары Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор, сондай-ақ Рианна, Дженнифер Лопес, Дрейк және Трэвис Скотт сияқты музыка әлемінің саңлақтары бар.

Hola! басылымының дерегінше, Кинта-да-Регалейраға экскурсия билеттері әлі де сатылып жатыр. Одан бөлек 1 тамызда мұнда әнші Силвана Перестің концерті жоспарланған.

Айта кетейік, жұп тойдың нақты өтетін күні туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. 2025 жылдың қарашасында Роналду үйлену тойын Әлем чемпионаты аяқталған соң өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.