
Қазақстанда тамызда Құрылтай сайлауы өтеді. Соның нәтижесінде 145 депутат сайланады. Одан бөлек 25 тамыздан бастап жүргізуші куәлігі, алимент төлеуге қатысты өзгерістер күшіне енеді. KursivMedia тамыздан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгеретінін жинақтады.
Құрылтай сайлауы өтеді
Қазақстанда шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Содан кейін Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтетін болды. Саяси науқан 54 күнге созылады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат 23 шілде 18:01-де басталып, 22 тамыз 00:00-ге дейін жалғасып, жалпы 29 күнге созылады.
22 тамыз – тыныштық күні.
23 тамыз – сайлау күні.
Дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтыру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады.
Сайлауды өткізуге қаражат үкімет резервінен бөлінеді. 2026 жылғы республикалық бюджет жоспарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына 12,6 млрд теңге, ал сайлау өткізуге 11,2 млрд теңге қарастырылған. Одан бөлек сайлау өткізуді ұйымдастыруға 1,4 млрд теңге жұмсалмақ.
Сайлау нәтижесінде партиялық тізім бойынша 145 депутат сайланады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.
Грант иегерлерінің тізімі шығады
Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Биыл 10 мамырдан 10 шілдеге дейін 233 мыңға жуық талапкер тестілеуден өткен.
Талапкерлердің 73,1%-ға жуығы тестілеуді қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, 383 адам ағылшын тілінде тапсырған.
Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ы. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады.
Грант иегерлерінің тізімі әдетте Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы ресми парақшаларында жарияланады.
Алимент төлеу тәртібі өзгереді
25 тамыздан бастап алименттер тек арнайы банктік шоттарға аударылады. Жаңа ереже балалар мен еңбекке қабілетсіз жандарға арналған қаражатты өзге қарыз үшін бұғаттаудан қорғау мақсатында енгізіледі.
Әділет министрлігінің мәліметінше, алиментке арналған арнайы шоттағы қаражатты бұғаттауға немесе оған тыйым салуға жол берілмейді. Бұл қаражаттың тек алушының қажеттілігіне жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Алимент алатын азаматтар екінші деңгейдегі банктен арнайы шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға тиіс.
Дәрігерлерге қаралу жеңілдейді
3 тамыздан бастап амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсету қағидалары өзгереді. Егер пациент кардиолог, невролог немесе эндокринолог секілді бейінді дәрігердің қабылдауына барса, дәрігер диагностика немесе емдеу үшін қажет болған жағдайда оны қосымша тексерулерге және тағы үш маманның консультациясына өзі жібере алады.
Бұған дейін пациенттерге жаңа жолдама алу үшін учаскелік дәрігерге қайта баруға тура келетін.
Сондай-ақ кей бейінді маманға жазылу үшін алдымен учаскелік терапевтке барудың қажеті болмайды.
Ұшақ және саяхат
Тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайында қысқа мерзімді тұрақ тарифтері өзгереді. Тұрақ құны енді сағатына 300 теңгені құрайды.
Тұрақ ақысын төлеуден I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, сондай-ақ, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарын жоюға қатысушы мәртебесі бар азаматтар босатылады.
Одан бөлек тамыздан бастап AJet әуе компаниясы Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер санын көбейтеді. Енді Анкараға ұшақтар күн сайын қатынайтын болады.
Отбасы банктің жаңа жобасы
Отбасы банкі Nest Stroy құрылыс компаниясымен пилоттық жобаны іске қосады. Жоба 50/50 бағдарламасымен пәтерлі болғысы келетіндерге арналған.
Алдымен Nest Stroy компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер таңдайсың. Отбасы банкімен жинақ келісімшартын жасайсың. 6 ай ішінде пәтердің 50 пайызын жинауды бастап, бағалау көрсеткішіңді 5-ке дейін жеткізесің. Осы аралықта өзің таңдаған пәтерде тегін тұра бересің, тек коммуналдық қызмет үшін төлем жасау жеткілікті. 6 айдан соң пәтерді өзіңе аударып, банкке кепілге қойып, ипотека рәсімдейсің.
Ұмай бағдарламасы іске қосылады
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады. Өтінім қабылдау тамызда басталады, алайда нақты күні әлі хабарланбады.
Бағдарламаға 45 млрд теңге бөлінген. Бағдарламаға ресми табысы бар, кемінде кейінгі алты ай бойы зейнетақы жарнасы аударылып тұрған әйелдер қатыса алады.
Алдын ала жарияланған талаптарға сәйкес:
алғашқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады;
несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Мас болып көлік айдағандарға жаза қатаңдайды
25 тамыздан бастап мас болып көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Құқық бұзушы 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ екеніне қарамастан, мас болып көлік айдағандар мұндай құжатты 8 жыл бойы ала алмайды.
Одан бөлек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет.
Тротуарда электрсамокатпен жүруге тыйым салынады
25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокатпен тротуар мен жаяу жүргінші жолымен жүруге тыйым салынады.
Жаңа талапқа сәйкес, электрсамокатпен кәмелетке толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана қозғала алады.
Самокат тыйым салынған аймаққа кірген кезде жүйе оның жылдамдығын автоматты түрде төмендетеді. Одан кейін құрылғы толық бұғатталады.
Kanye West концерті өтеді
Әлемдік поп жұлдыз Kanye West 14 тамызда Алматының Орталық стадионында концерт береді.
Концертті FIRST MEDIA GROUP компаниясы Freedom холдингімен бірлесіп ұйымдастырады.
Билеттерді Freedom SuperApp және Ticketon.kz сайты арқылы сатып алуға болады.
Қанша күн демаламыз
2026 жылдың тамыз айында қазақстандықтар үшін қосымша демалыс күндері қарастырылмаған. Бес күндік жұмыс аптасында бұл айда 21 жұмыс күні және 10 демалыс күні бар.
Биылға дейін 31 тамызда қазақстандықтар Конституция күнін тойлады. Бұл күн 15 наурызға ауысқандықтан, жаздың соңғы күні жұмыс күні болып қалады.