
Абай облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирде балағат сөз айтқан бойжеткен қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлайды.
Бұған дейін министрлік әлеуметтік желілерде заңға қайшы қайшы контентті анықтау жұмыстары басталғанын хабарлаған.
«Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Әрбір құқық бұзушы анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Жұмыс жалғасып жатыр», – деп таратты polisia.kz.
Мәселен, желілерге жасалған мониторинг барысында полиция TikTok-та заңға қайшы тікелей эфирді анықтады.
«Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген. Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады», – деп хабарлады полиция.
Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Азиза Қоқанова болып шықты. Ол мас болған.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Полиция интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шара қабылданатынын ескертті.