
Қазақстанда 1 миллионнан астам пациент телемедициналық консультация алды. Бұл шалғай елдімекендер тұрғындары үшін өте маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың бір жолы ретінде телемедицина жүйелі түрде дамып келеді.
«Жоба аясында ауылдық жерлердегі шамамен 7,5 миллион тұрғынға қашықтан медициналық көмек көрсету мүмкіндігі жасалған. Ел бойынша бірыңғай телемедицина жүйесі қалыптастырылады», – дейді ДСМ баспасөз қызметі.
Министрліктің ақпаратынша, телемедициналық шешімдер 6 900-ден астам мектепке енгізіліп, 3,6 миллионнан астам оқушыны қамтиды. Бұл профилактикалық тексерулер өткізуге, онлайн кеңес беруге және балалардың денсаулығын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері елімізде 23,1 миллион медициналық қызмет көрсетілсе, оның 2,17 миллионы қашықтан ұсынылған. Телемедицинаның үлесі 9,4%-ды құрады.
Телемедициналық қызметтер ең көп Ақтөбе облысында (13,66%), Алматы қаласында (12,42%), Батыс Қазақстан (11,04%), Қызылорда (10,99%), Қарағанды (10,95%), Павлодар (10,62%) және Түркістан (10,00%) облыстарында қолданылады.
Айта кететін жайт, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырды.