Жаңалықтар

Алматы облысында жанармай құю бекетін тонағандар ұсталды (видео)

Алматы облысы Талғар ауданында жанармай құю бекетіне шабуыл жасалды
Күдіктілердің жас жігіттер екені анықталды / фото: ЖИ-мен өңделген видеокадр

Полиция Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған екеуді ұстады. Бұл туралы ІІМ хабарлайды.

Оқиға 23 шілдеде Талғар ауданында болған. Бетперде киген екеу бекетке кіріп, қызметкерді мылтықпен қорқытқан. Алайда олардың әрекетіне күзетші кедергі жасаған.

Күдіктілердің кім екені бейнебақылау жүйесінің көмегімен анықталды. Құқық қорғау органының қызметкерлері қылмыс туралы хабарлама түскен бойда камералардағы жазбаларды талдауға кірісті. Аз уақыттың ішінде шабуылға қатысы бар екі адам ұсталды.

Қазір екі күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Полиция жариялаған видеодан екі адамның бірі бекет қызметкерін қарумен қорқытып тұрғанын, күдіктілердің ұсталған сәтін көруге болады. Қарақшылық әрекет түн уақытында жасалған.

Алматы облысында полиция жанармай құю бекетіне жасалған қарақшылық шабуылды әшкереледі

Мәліметтерге қарағанда, күдіктілердің бірі бірнеше сағат ішінде ұсталса, екіншісі 29 шілдеде қолға түскен. Олардың 20 және 22 жаста екені мәлім. Қару тәркіленген.